Шығыс Қазақстан облысының полицейлері пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактісін анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция департаментінің мәліметінше, облыстың бір ауданында 19 шетелдік азамат пен Өскемен қаласының 2 тұрғыны ұсталған. Қымбат металлдарды өндіруге арналған экскаваторлар, бульдозер, ұсатқыш қондырғылар және басқа да жабдықтар, сонымен бірге құрамында алтын мен басқа да бағалы компоненттердің белгілері бар металл бұйымдары тәркіленді.

"Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу барысында құқыққа қарсы әрекетке қатысы бар болуы мүмкін 20-дан астам адам тексерілуде. Дәлелдер жиналып, қажет сараптамалар тағайындалды, істің барлық мән-жайын анықтау шаралары қабылданып жатыр", – делінген ПД хабарламасында.