Сот қаулысы: Қайрат Нұртас 15 тәулікке қамауға алынды
Прокурор Қайрат Нұртасты 15 тәулікке қамауға алуды сұраған.Астана соты бүгін, 5 шілдеде қазақстандық әнші Қайрат Нұртасқа қатысты әкімшілік істі қарады.
Оған ұсақ бұзақылық жасады және денсаулыққа қасақана зиян келтірді деген айып тағылды. Оқиға Алматы-Астана рейсінің бортында болған. Сот процесі онлайн режимде өтті. Кездесуге әншінің өзінен бөлек анасы Гүлзира Айдарбекова мен інісі Аян қатысты.
Белгілі болғандай, жәбірленуші Асылбек Бекқайыров пен қазақ эстрадасының жұлдызы бір кездері жақын дос болған. Бекқайыровтың айтуынша, олардың арасындағы жанжал 24 сәуірде басталған.
"Қайратқа дауыстық хабарлама жаздым, бір ақыға Оралдағы досымның кешінде ән айтуын өтіндім. Кешкі сағат 7-8-де хабарластым. Сосын мен одан достығымыз үшін бір-бірімізге көмектесуді сұрадым. Кейін түнгі сағат 2-де ол маған дөрекі хабарлама жіберді. Содан кейін Қайратты көре алмадым. Мен оны Астанаға жұмыс бабымен ұшып бара жатқанда ұшақта кездестірдім. Оған жақындап: "Қайрат, не болды?" деп сұрадым. Содан кейін ол тағы да әдепсіз сөздермен жауап берді. Арамызда жанжал басталғанда стюардесса мені ұстады. Мені алып бара жатқанда Қайрат ұрды. Одан кейін екеумізді екі жаққа жіберді. Келген бойда қолымызға кісен салып, бізді полиция қызметкерлері күтіп алып, ішкі істер бөліміне алып кетті", – деді Асылбек Бекқайыров оқиға туралы.
Адвокат Қайрат Нұртастың сауалына жәбірленуші әншіге ешқандай шағымы жоқ екенін айтып, сонымен қатар әкімшілік жауапкершілікті қысқартуды сұрады. Айта кетейік, Қайрат Нұртас та оны бірінші болып Асылбек ұрғанын мәлімдеген болатын.
Кейін сотталушыға соңғы сөз берілді. Қайрат Нұртас кінәсін мойындады, бірақ концерттер мен тойлардың көптігінен, қамауға алынбауын сұрады.
"Егер мен қателескен болсам, мен өз кінәмді мойындаймын. Алда қаншама концерттер бар, сондықтан маған айыппұл түрінде жаза беруді сұраймын. Төлеуге мүмкіндігім бар", – деді Қайрат Нұртас.
Сот қаулысымен Қайрат Нұртас ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 2-бөлігі – "Ұсақ бұзақылық" бойынша құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.