Сот аудармашыларының еңбегі неге 32 жыл бұрынғы бағамен төленеді? Дүйсенова не дейді
Қолданыстағы баға бойынша, 1 сағат аударма құны бар болғаны 369 теңгеге тең.Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова бірқатар мәжіліс депутаттарының Қазақстандағы сот аудармашыларының еңбегіне тым мардымсыз ақы төленетіні туралы сауалына жауап берді.
Депутаттар Қазақстанда аударма нарығында 1 сағаттық қызмет құны 5 мың теңгеден, ал синхронды аударма болса, тіпті 10 мың теңгеден басталатынын алға тартып, сот аудармашыларының еңбегін төлеуде әділетсіздік барын алға тартқан болатын.
Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова депутаттармен келісе отырып, бұл мәселе қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1992 жылғы 25 ақпандағы № 152 қаулысымен реттелетінін еске салды.
Оған сәйкес аудармашыларға жазбаша (1 парақ үшін) және ауызша (1 сағат жұмыс үшін) аударымдары үшін сыйақы мөлшері айлық есептік көрсеткіштің оннан бір бөлігі есебінен жүргізіледі.
Оқи отырыңыз: "Н мен ң-ді айыра алмайтын ұрпақ". Тинейджерлердің тілі неге шұбар?
"Сот аудармашылары жұмысының ерекшелігіне қарамастан, сот талқылауы шеңберіндегі аудармалардың құны аударма қызметтерінің нарықтық құнынан едәуір төмен. Осыған байланысты бүгінгі күні Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі қалыптасқан жағдайды реттеу үшін сот процесіне қатысатын аудармашыларға сыйақы мөлшерін ұлғайтуды көздейтін қаулы жобасын дайындады, ол қазіргі уақытта заңнамада белгіленген тәртіппен келісуден өтуде", – деп жауап берді Тамара Дүйсенова.
Еске салайық, мәжіліс депутаттары бұл мәселе бірнеше рет көтерілсе де, әлі шешімін таппай келе жатқанын атап өткен болатын.