Соңғы үш жылда малға екпе салдық деп 30 мың жалған құжат жасалған
Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мен мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру мәселесін көтерді. Мемлекет басшысы субсидиялау жүйесіндегі ашықтықтың жоқтығы мен цифрландырудың кешеуілдеуі шаруаларға қолбайлау болып отырғанын қатаң ескертті.
"Шаруаларды мемлекеттік қолдау жүйесі барынша ашық болуы керек. Қазір бұл жүйенің күмәнді, көлеңкелі тұстары көп. Үкімет жыл соңына дейін ақпараттық жүйелерді кіріктіру жұмысын аяқтауға тиіс. Бұл қадам субсидиялау үдерісін цифрландырып, шаруалардың міндеттемелерін бақылауға алуға мүмкіндік береді", – деді президент.
Оқи отырыңыз: Президент "Самұрық-Қазынаны" сынға алды: "Қосшыдан басшы көп, олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ
Сондай-ақ Президент еліміздің ветеринарлық қауіпсіздік жүйесіндегі мүшкіл халге және мал дәрігерлерінің жұмысындағы жаппай заңсыздықтарға тоқталды. Саланы түбегейлі жаңғырту үшін Үкіметке нақты мерзім ішінде кешенді бағдарлама қабылдауды жүктеді:
"Мал шаруашылығын тұрақты дамыту үшін ветеринарлық қауіпсіздік жүйесі сапалы болуға тиіс. Ашығын айтқанда, Қазақстанда бұл сала кенжелеп тұр. Еліміздегі 168 зертхананың жиырма жетісі ғана халықаралық стандартқа сай келеді. Мал дәрігерлерінің жұмысы толық бақылауға алынбаған. Соңғы үш жылда малға екпе салдық деп 30 мың жалған құжат жасалды. Бұл саланы біржола тәртіпке келтіру қажет. Үкімет ветеринария саласын дамытудың кешенді бағдарламасын үш айдың ішінде қабылдауға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының бұл тапсырмалары ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және саладағы жемқорлық факторларын жоюға бағытталған.