Солтүстік Қазақстанда дәрігерлер қызметтік пәтерінен шығарылып жатыр
Еліміздің солтүстігіне өзге өңірден көшіп келген дәрігерлер баспанасыз қалуы мүмкін. Себебі, жергілікті билік медицина мамандарын қызметтік пәтерден шығарып жатыр, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ақ халаттылар үйді жекешелендіріп береміз деген уәдеге сеніп, жұмыс істеуге келістік деп отыр. Сондықтан бұл шешіммен келіспеген дәрігерлер денсаулық сақтау басқармасының басшылығын сотқа беруге бекінген.
Бұл осыдан он жыл бұрын қызметтік пәтер алып, Петропавлға көшіп келген дәрігерлер. Шенеуніктер сол кезде ақ халаттыларға үйді жекешелендіріп береміз деп уәде берген көрінеді. Енді аяқ асты қызметтік үйден қуып жатыр деп күйінеді.
"Сен жұмыс істейсің. Сені ешкім де қумайды, шығармайды деді. Жұмыс істегенше тұра бересің деді. Сол кезде өз атыңа аударып аласың деп сендірген. Енді бәрі керісінше сөйлеп жатыр", – дейді медицина маманы Алтынқыз Оқанова.
Дәрігерлер үйінде 80 пәтер болса, оның жартысына жуығында өзге өңірден көшіп келген мамандар тұрады. Баспанасыз қалудан қорқатын жандардың барлығы аймақта тапшы мамандар. Олар жергілікті билік бізді үйден шығарса келген жағымызға қайта кетуге тура келеді деп отыр.
Медицина мамандарының наразылығын тыңдауға денсаулық сақтау басқармасының өкілдері келді. Жауаптылар қызметтік пәтерде он жылдан астам уақыт тұруға рұқсат жоқ дейді.
Бұл шешіммен келіспеген мамандар жауапты басқарманы сотқа береміз деп бекініп отыр. Ал талап бойынша дәрігерлер келесі апта пәтерлерін босатуға тиіс.