Солтүстік Қазақстанда апталап жауынның астында қалған арпа-бидайдың жартысы шіріп кетті
Еліміздің төрт облысында апталап жауған жауынның кесірінен диқандар ала жаздай еккен егінін жинай алмай отыр.Солтүстік Қазақстан облысында тер төккен диқандар шылқыған судың астында қалған арпа-бидай шіріп, тең жартысы түкке жарамсыз болып қалғанын айтты, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Диқандар арпа-бидайды қазір жинап алғанның өзінде, өнімді кептіруге қанша күш кететінін білмейді. Фермерлер Үкіметтен жеңілдетілген жанар-жағармай көлемін арттырып, несие мен лизинг бойынша төлемдерін кейінге шегеруді сұрап отыр.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда нан бір жылда 9% қымбаттады. Ең арзан баға Батыс Қазақстанда тіркелген.
Еліміздің солтүстігінде 16 күннен бері күзгі егін ору жұмыстары тоқтап тұр. Тамыздың соңында басталған толассыз жаңбырдың кесірінен диқандар алқаптағы өнімнің отыз пайызын да жинай алмай жатқандарын айтады. Қазір егістіктегі арпа-бидай біртіндеп бүліне бастаған. Диқандар былтыр бұл уақытта күзгі жиын-терім науқанын аяқтап қойса, биыл жұмысты бастап та үлгермегендерін айтуда. Көбі алқаптардағы арпаның жартысын ғана жинап, бидайға әлі орақ салмаған. Жоғары ылғалдың салдарынан бидайдың басы қарайып, сапасы төмендеп кеткен.
"Қазірдің өзінде бидайдың сапасы төмендеп кеткенін көріп отырмыз. Сапасы шамамен үшінші санаттан төмен болады. Егістіктегі бидайымыз қарайып кетіп жатыр. Соның салдарынан өнімді екі есе аз аламыз деп болжап отырмыз", – деді диқан Мұратбек Қайдауылов.
Солтүстіктегі шаруалар биыл төрт жарым миллион гектар алқапқа тұқым еккен. Соның 900 мың гектарын ғана жинаған. Өнім шығымдылығы да төмендеп кетіп, гектарынан орташа 12 центнерден ғана шығып жатыр.
Оқи отырыңыз: "Тоннасы – 50 мың теңге". Павлодар облысында шөп екі есе қымбаттады.
Жалпы толасыз жауынның салдарынан Павлодар, Қостанай, Ақмола облысының диқандары әлі егіннің жартысын жинай алмай отыр. Ақмолада қамбаға түскен өнім небары 17 пайызды құрайды. Ал ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлерді қиын жағдайда қалдырмау үшін қосымша жанар-жағармай бөлу мәселесі шешілгенін мәлімдеді. Әрі шаруалардың несие бойынша төлем мерзімін ұзарту мәселесін жеке-жеке қарастырмақ.