Содырлар мен лаңкестердің бәрі қылмыстық жауапкершілікке тартылады
Президент ел азаматтарына осылай уәде берді."Біздің тарихымыздағы осы бір қиындықты тез арада еңсеретінімізге ешқандай күмән жоқ. Ең бастысы, болашақта мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу керек. Мен құрған ведомствоаралық топ содырлар мен лаңкестерді іздеумен және оларды ұстаумен айналысады. Олардың бәрі қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп азаматтарымызға уәде беремін", – деді Мемлекет басшысы.
Президент барша қазақстандықтарды сақтық танытып, барынша қырағы болуды өтініп, күмәнді адамдардың қандай да бір күдік тудыратын белсенді әрекетін байқаған жағдайда құқық қорғау органдары мен жедел желілерге хабарлауға шақырды.
Мемлекет басшысының сөзінше, құқық қорғау органдары мен армияның іс-қимылына, сондай-ақ олардың ведомствоаралық үйлесіміне қатысты анықтайтын мәселе көп.
"Арнаулы жасақтың, арнаулы құрал-жабдықтардың жетіспейтіні белгілі болды. Осы мәселелерді шұғыл түрде шешуіміз керек. Содырлардың терракт жасау туралы жымысқы жоспары мен жасырын дайындығын мемлекет қалайша білмей қалғанын анықтап, түсіну аса маңызды. Тек Алматының өзіне 20 мың содыр шабуыл жасады.
Барлық облыста әскери, әкімшілік және әлеуметтік нысандарға ұйымдасқан түрде, жоғары жауынгерлік дайындықпен және асқан қатігездікпен шабуыл жасау әрекеті олардың нақты жоспарының болғанын көрсетті", – деді президент.