Қазақстанда желтоқсан айының басында ірі қара мал етін экспорттауға енгізілген шектеулер ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыруға әсер етеді. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Аталған шектеулер 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін күшінде болады. Вице-премьер ет бағасының нақты қаншаға арзандайтыны жөнінде болжам жасаудан бас тартты, алайда бұл шешім нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал ететінін атап өтті.

"Мен нақты болжам жасағым келмейді, бірақ бұл шара сиыр еті бағасының тұрақтануына сөзсіз әсер етеді. Бұл – әкімшілік шешім. Әкімшілік шаралар ұзақ мерзімге созылмайды. Ең бастысы, 2026 жыл мал шаруашылығын белсенді дамыту жылы болады. Кейінгі екі жылда біз өсімдік шаруашылығына айтарлықтай инвестиция салдық. Екі жыл қатарынан жақсы өнім алдық, несие ресурстарын бөлдік, егіннің өсу кезеңінде қорғау шараларын жүргіздік. Енді дәл осындай жүйелі жұмыс мал шаруашылығы саласында атқарылады", – деді Серік Жұманғарин Үкіметте өткен брифингте.

Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр етін экспорттауды шектеу туралы ұсынысты қазан айында көтерген. Бұл шешім ет бағасын тұрақтандыру және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігімен түсіндірілген. Тиісті бұйрық жобасы қоғамдық талқылаудан өтті.

Сол кезеңде фермерлер импортталатын етке салынатын баж салығын сақтауды сұраған болатын. Ал Сауда және интеграция министрлігі өңірлерге арзандатылған сиыр етін тікелей жеткізу тетігін іске қосатынын хабарлаған еді.