Синтетикалық есірткімен күрес: Алматыда жарнама жасырылған үш мыңнан астам граффити жойылды
Сондай-ақ үш жүзден астам жарнама сайты бұғатталған.Полиция полковнигі, Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек 2024 жылдың басынан бері есірткіге қатысты қандай заң бұзушылықтар болғанын хабарлады. Қалада синтетикалық препараттар шығаратын зертханалар анықталып, үш жүзден астам сайт бұғатталған. Мұнымен қатар есірткі заттарының таралуына жәрдемдескен граффитилер өшірілген.
"Дәл қазір бүкіл әлем бойынша синтетикалық заттар мен оларды өндіретін арнайы зертханалар үлкен проблемаға айналып отыр. Осы бағытта Алматы қаласы полиция қызметкерлері бірқатар шараларды іске асырды. 2024 жылдың қаңтар-мамыр айларында есірткі құралдарын заңсыз таратқан екі жүз алпыс төрт заң бұзушылық тіркелді. Сондай-ақ, есірткі саудасымен айналыспақ болған жүз он алты азаматқа тосқауыл қойылды. Жүз елу сегіз келіден астам есірткі анықталып, оның заңсыз айналымға енуі тоқтатылды. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі өндірумен айналысатын бес зертхананың жұмысын тоқтатты. Ендігі үлкен мақсаттардың бірі – қолма-қол төлемсіз интернет арқылы есірткі сатып алуды тоқтату", – деді Салтанат Әзірбек.
2024 жылдың басынан бері Алматы қаласында қырық бір бетбелгі қоюшы азамат ұсталған. Ары қарай Салтанат Әзірбек Алматы тұрғындарының есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыру үшін қандай жұмыстар қолға алынғанын айтты.
Оқи отырыңыз: "Үш айда 225 келі синтетика тәркіленді": ІІМ есірткі саудасымен қалай күресіп жатыр
"Жергілікті билік пен полиция қызметкерлері Алматы қаласындағы білім беру ошақтарында есірткіден сақтану жолдарын насихаттаған семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізді. 2024 жылдың бес айында 242 алдын алу шарасы өтті. ПД ЕҚқКБ қызметкерлері аудандық тәртіп сақшыларымен бірге есірткіге қатысты 3651 граффити суреттерді анықтады. Яғни бұл граффитилерде есірткі жарнамасы жасырылған. Қызметкерлер осы граффитилерді үстінен қайта бояу арқылы жойған. Бұдан бөлек нашақорларға арналған 337 веб-сайт анықталып, олар жойылды. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да есірткіден сақтануға шақыратын төрт жүз жиырма екі материал әзірленіп, жарияланды", – деп түсіндірді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі.
Бұдан өзге халық көптеп жиналатын жерлердегі 131 LED экранда орналасқан 42 мониторда әлеуметтік және ақпараттық бейнероликтер көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы он екі жанар-жағармай құю бекеттерінде (ЖҚБ) анонимді анықтама телефонын (WhatsApp: +7 705-549-70-25 және QR кодтары) көрсететін мәліметті тарататын ақпараттық LED экрандар орнатылған.
Атырауда өткен Ұлттық құрылтайды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы есірткімен байланысы жеті жарым мыңнан астам қылмыс анықталғанын еске салып, бұл кеселдің жаппай белең алып бара жатқанына алаңдаушылық білдірген болатын.
Оқи отырыңыз: Алматы полициясы есірткі сататын 450 сайтты бұғаттады
Мұнымен қатар, 2024 жылғы 19 маусымда Қазақстанға Шығыс, Орталық Еуропа және Орталық Азия елдерінің есірткіге қарсы саясаты жөніндегі комиссиясының төрағасы Александр Квасьневский келді. Президент екеуі есірткі бизнесімен тиімді күрес жүргізу үшін өзара ақпарат алмасу, Қазақстанға осы мақсаттағы сәтті тәжірибелерді енгізу мәселесін талқылады. Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қазақстанның аталған коммиссиямен бірлесіп жұмыс атқаруға дайын екенін жеткізді.