Сингапур он екінші рет қатарынан әлемдегі ең қауіпсіз ел атанды
Сингапур жаһандық қауіпсіздік рейтингінде қатарынан он екінші рет бірінші орынға шықты. Бұл туралы Gallup институтының Жаһандық қауіпсіздік есебінде мәлім болды, деп хабарлайды Синьхуа.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, 2024 жылы сингапурлықтардың 98 пайызы түнде жалғыз жүргенде өздерін қауіпсіз сезінетінін айтқан. Бұл – Gallup тіркеген әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Сондай-ақ сауалнама нәтижесі ерлер мен әйелдер арасындағы айырмашылықтың аз екенін көрсетті: ерлердің 98 пайызы, әйелдердің 97 пайызы қауіпсіздікке сенімді екенін жеткізген.
Оқи отырыңыз: Қытайда құстарға еліктеп ұшатын жаңа робот жасалды
Мамандар мұндай жоғары деңгей қылмыстың төмендігімен, құқық қорғау органдарының тиімді жұмысы және қоғамдық тәртіптің мықты сақталуымен байланысты екенін атап өтті.
Сингапур 2006 жылдан бері жаһандық қауіпсіздік рейтингінде үздік нәтиже көрсетіп келеді.