Шымкентте жол саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың бейітінің үстіне салына бастады. Құрылысшылар жер қазу барысында қабірлерге кезігіп, ішінен адам сүйектері табылғаннан кейін құрылысты тоқтатуға мәжбүр болған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Бұл жер Қайтпас деп аталады. Жол құрылысы басталмас бұрын ауыл тұрғындары жергілікті әкімдіктерге бірнеше мәрте барып, бұл жерде жол салмауды талап еткен.

"Сайдың өн бойында жасырын жазалау орындары болған. Түн кезінде халық жауы деп танылған бай-манаптарды, оқыған-тоқығандарды әкеліп, сайға түсіріп атқан. Кейін бетін шала жауп кете берген", – дейді Қайтпас елді мекенінің тұрғыны Өлмесхан Жәнібеков.

Мердігер компанияның учаске басшысы Әлішер Ханалиевтің айтуынша, бас жоспар мен топотүсірілімде бұл мекенде мазарат бары анықталмаған.

"Біз ұсынылған жоба бойынша жұмыс істейміз. Қазір құрылысты тоқтатып қойдық", – дейді ол.

Шымкент қалалық құрылыс басқармасының бас маманы Шәміл Аманқұловтың айтуынша, басқарма енді жобалаушыға мәселені түсіндіріп, ұсыныс бермек.