Шөп талғамайтын шалғын көбелегі Ақтөбе облысының шаруаларына зор шығын әкеліп отыр
Ауыл шаруашылығы министрлігі былтыр шалғын көбелегі құртын улауға міндетті зиянкестер қатарынан алып тастаған.Ақтөбе облысының Қарғалы, Алға, Мәртөк және Әйтеке би аудандарында шөп талғамай кеміретін құрт шабындықтар мен бақша өсімдіктерінің түгін қалдырмай жеп тастаған. Ал оларды улауға мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Өйткені, Ауыл шаруашылығы министрлігі былтыр шалғын көбелегі құртын улауға міндетті зиянкестер қатарынан алып тастаған, деп хабарлады 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Шалғын көбелегі нөсерлі жауыннан кейінгі аптап ыстықта пайда болады. Шаруалар өзіне тиесілі аумақтарды улағанымен далаға тарап кеткен құрт енді әл бермейді. Жаппай улау қажет. Алайда Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әбтиев жаңа талап бойынша зиянкестің бұл түрін ауыл шаруашылық құрылымдары улау керектігін айтып отыр. Сол үшін мемлекет тарапынан бұл құрылымдарға елу пайызға дейін субсидия беріледі.
"Бұл құрт жусан не басқа шөп болсын, таңдамастан жағалай жеп келе жатқаны бізге үлкен қиындық келтіріп отыр. Ол биылғы қуаңшылық кезеңде бақшамыздың бәрін құртып, шығынға батыруда", – дейді жергілікті шаруа қожалығының басшысы Батырбек Шәуленов.
Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: