Ақмола облысы Щучинск қаласындағы мемлекеттік балабақшада бүрге қаптады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Ата-аналар қансорғыш жәндік балаларды шағып инфекция таралып жатыр деп дабыл қақты. Олар бөбекжай қызметкерлері дезинфекция жұмыстарын жүргізуге асықпайды деп ашулы.

Ата-аналардың сөзіне қарағанда, бүрге 2-3 жасар балаларға арналған топтың ішінен анықталған. Тұрғындар жәндіктердің бөлме ішінде жүрген видеосын түсіріп, желіге таратуға мәжбүрміз дейді. Тіпті, кішкентай бүлдіршіндер соның кесірінен жиі ауыра бастағанын айтады.

Ал білім басқармасының өкілдері 200-дей ұл-қыз тәрбиеленетін балабақшада тексеріс жұмыстарын жүргізіп, тиісті шара қолданамыз деп сендірді.

"Осы оқиға бойынша арнайы мекеменің қызметкерлері балабақшаға дезинфекциялық жұмыстарды жүргізуге келді. Сондықтан балабақшаны үш күнге жаптық. Балалардың денсаулығына ешқандай зиян келген жоқ. Ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргіздік", – деді Ақмола облыстық білім басқармасының бас маманы Андрей Майбах.