Шетелдік туристер Қазақстан полицейлеріне алғыс білдірді
Орал мен Шымкент қалаларында шетелдік туристер қазақстандық полицейлерге ерекше алғыс айтты.
Оралда Монтана штатынан келген америкалық саяхатшы Конор жолынан адасып қалған. Патрульдік полиция қызметкерлері Дамир Қазиханов пен Нұрсұлтан Иманғазин дер кезінде көмек көрсетіп, шетелдік азаматты қажетті жеріне дейін бағыттап салды. Турист полицейлердің кәсібилігі мен сыпайылығына риза болды.
Ал Шымкентте Қытайдан келген туристер таксиде телефонын ұмытып кеткен. Қалалық полиция қызметкерлері жоғалған смартфонды тез арада тауып, иесіне қайтарып берді. Сонымен қатар тәртіп сақшылары шетелдік меймандарға қаланың көрікті орындары жөнінде ақпарат беріп, бағыт-бағдар көрсетті. Туристер қонақжайлық пен жанашырлыққа алғыс ретінде арнайы видео жолдаған.