Серік Күдебаев тау арқылы шекарадан шығып кеткен болуы мүмкін – ҰҚК
Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов Қырғызстандағы әріптестерінен де ақпарат сұрағанын атап өтті.Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов Алматы облысы бойынша полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевтың қашып кетуіне қатысты пікір білдірді.
Шекара қызметінің басшысы ҰҚК-де бірнеше нұсқалар бар екенін айтты.
"Түрлі болжам бар. Оның (Серік Күдебаев – авт.) тау жақта шаруа қожалығы бар. Жол көрсететін адамдары да болған шығар. Біз тау арқылы шекарадан шығып кеткен деген нұсқаны қарастырып отырмыз", – деді Шекара қызметінің директоры.
Ведомство басшысының айтуынша, қазіргі таңда ҰҚК қашу фактісін тексеріп жатыр. Бас прокуратура қылмыстық іс қозғағанымен, оның жай-жапсары айтылмады. Ерлан Алдажұманов Қазақстанның Шекара қызметі Қырғызстандағы әріптестерінен ақпарат сұрағанын нақтылады. Қырғызстанда да бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бірақ оның тергеуіне ресми түсініктеме берілмейді.
3 сәуірде өткен сот отырысына Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев келмеді. Генерал-майор 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде комендант ретінде полиция департаментінің ғимаратынан кетіп, тәртіпсіздікке қатысушыларға сол жерден қару ұрлауға мүмкіндік берді деп айыпталуда.
Айта кетейік, Серік Күдебаев Қазақстан Республикасының Қырғызстанмен мемлекеттік шекарасын кесіп өтіп, сол күні Бішкектен Ыстамбұлға ұшқан, оған халықаралық іздеу жарияланды. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция департаментінің бұрынғы бастығының бекеттерден өтпегенін баса айтты.