Сэндвич үшін жанжал: Алматы облысында қоғамдық моншада ер адам 13 жастағы балаға қол көтерді
Алматы облысында қоғамдық моншада 13 жастағы жасөспірімге ер адам қол көтерген. Оқиға Қарасай ауданы аумағындағы моншалардың бірінде болған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Куәгерлердің айтуынша, жеткіншек соққыдан кейін басын үстелге ұрып, есеңгіреп қалған. Оқиға сәті ғимарат ішіндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Видеода екі жасөспірімнің монша ішіндегі дәмхана кассасына келіп, сатушымен сөйлесіп тұрғаны көрінеді.
Жапа шеккен баланың анасының айтуынша, ұлы тек сэндвич сатып алмақ болған. Алайда монша қызметкері одан әріптестеріне де тамақ алып беруін талап еткен. Оқушының бас тартуы ер адамға ұнамай, соның салдарынан жанжал туындаған.
Оқиға 9 наурыз күні болғаны анықталды. Қазіргі уақытта іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Алматы облысы полиция департаменті мәліметінше, жәбірленуші тарап әзірге ресми түсініктеме бермеген. Дегенмен баланың ата-анасы әлеуметтік желі арқылы өз ұстанымын жариялаған.
Анасының айтуынша, баласына күш қолданған қызметкер оқиға кезінде мас күйде болған. Жанжалдан кейін оқиға орнына жеткіншектің әкесі де келіп, күдіктіге қарсы күш қолданғаны хабарланды. Осыған байланысты оған қатысты да іс қозғалған.
Құзырлы органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.