Сенат депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Айгүл Қапбарова Үкімет жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссияның отырысына қатысты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. 

Кездесуге қатысушылар қазақ тілін дамыту, маман даярлау, заң терминологиясын біріздендіру және жасанды интеллекті пайдалану мәселелерін талқылады. 

Нұртөре Жүсіп шара барысында Қазақстанның мемлекеттік тіл саясаты ұлттық бірлікті нығайтуда, мәдениетті дамытуда және халық ерекшелігін сақтауда шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Ол көпұлтты қоғамда әртүрлі этностар мен тілдердің үйлесімді өмір сүруіне бағытталған, бұл ретте қазақ тілін дамыту мен нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді. 

"Қазақстанда тіл саясатын жетілдіру мемлекеттік тілді нығайту барлық этникалық топтар тіліне құрметпен астасып жатқан теңдестірілген, икемді және заманауи жүйе қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Диалог, өзара құрмет және тең мүмкіндіктер арқылы ғана тілдік үйлесім мен қоғамның тұрақты дамуына қол жеткізуге болады", – деді Нұртөре Жүсіп.

Сенатор талқылау барысында қазақ тілін дамыту үшін жасанды интеллект технологиясын қолдану туралы ойларын ортаға салды. Ол цифрландыру ұлттық тілдерді сақтау мен насихаттауға жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді. Қазақстан жағдайында қазақ тілінің цифрлық ортаға белсенді ықпалдасуын қамтамасыз ету аса маңызды. 


Оқи отырыңыз: Қазақстандық ірі сауда үйіне бойкот: Бұған қазақ тілінің қатысы қанша


Сенатор Айгүл Қапбарова ақпараттық тұғырнама, әлеуметтік желі және мультимедиялық ресурс арқылы қазақ тілін кеңінен таратудың келешегіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл арналар мәдени ерекшелікті қалыптастырады, өзін-өзі көрсету құралы ретінде қызмет етеді және қоғамдық санаға әсер етеді.

"Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту шаралары цифрлық кеңістікпен біте қайнасып жатуы тиіс. Бүгінгі таңда ақпараттар мазмұны тек оқу құралы ғана емес, сонымен қатар қазіргі мәдениеттің көрінісі болып табылады. Қазақ тілінде сапалы, тартымды және қолжетімді мәтіндер ауқымы неғұрлым көп жасалса, оның ықпалы мен беделі, әсіресе жастар арасында соғұрлым жоғары болады", – деді Айгүл Қапбарова.