Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұйымдастырған республикалық форумда мемлекеттік қызметшілердің жалақысы мәселесін көтерді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. 

Оның айтуынша, еңбекке ақы төлеу мен жұмыс нәтижесі арасындағы байланыстың болмауынан еңбекке деген ынта-ықылас төмен.

"Әртүрлі мекемеде бірдей лауазым атқаратын мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеуде елеулі алшақтық бар, сондай-ақ жалақы деңгейі де қызығатындай емес. Мемлекеттік қызметшілер коммерциялық ұйымдардың басшыларына қарағанда басшы орнында аз алуы мүмкін, оның жағымсыз салдары белгілі болып отыр. Бұл сұрақ мұқият талдау мен пысықтауды қажет етеді. Мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру жүйесін жетілдіру де маңызды мәселе болып табылады. Халықаралық тәжірибені зерделеп, қажет болған жағдайда нақты уақыт мерзімінде пилоттық жоба ретінде жаңа тәсілдерді сынау арқылы осы мәселені кешенді түрде қарау керек деп санаймын", – деді Нұртөре Жүсіп.

Сенатор, сондай-ақ президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік қызметшілерге Әділетті Қазақстанды құруда шешуші рөл берілгені туралы айтқанын еске салды. Әрбір мемлекеттік қызметші мемлекет пен қоғамның мүддесі үшін әрекет етуге, бастама көтеруге, жауапты болуға және нәтижеге бағдарланған игілікті істі атқаруы тиіс.


Оқи отырыңыз: "Кім кімді алдап отыр?" Сенат депутаты тиімсіз еңбек бағдарламаларын сынға алды