Сенат төрағасы: Тәуелсіздігіміз іс жүзінде 25 қазанда басталды
Сенат төрағасы Тұңғыш президент күнін мемлекеттік мерекелер қатарынан шығару логикаға сыйымды екенін айтты.Қазақстанның тәуелсіздік алу процесі 1990 жылы 25 қазанда басталды. Сондықтан бұл күнді мемлекеттік мереке деп жариялауы өте маңызды әрі әділ шешім, деді сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
"25 қазан – атаулы дата және біз ол күн туралы өте аз айтамыз. Бұл дұрыс емес. Іс жүзінде тәуелсіздігіміз 25 қазанда басталды. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның тәуелсіздік алу процесі басталды. Сондықтан бұл күнді мемлекеттік мереке деп жариялауы өте маңызды әрі әділ шешім", – деді Мәулен Әшімбаев сенат кулуарында.
Сонымен қатар сенат төрағасы тұңғыш президент күнін мемлекеттік мерекелер қатарынан шығару логикаға сыйымды екенін айтты.
"Тұңғыш президент күнін мемлекеттік мерекелер қатарынан шығару логикаға сыйымды деп ойлаймын. 5 маусым күні референдум өтті. Сол кезде халықтың шешімімен Конституциядан бірінші президентке қатысты пунктер алынып тасталды. Сайлаушылар бұл пункттерді Конституциядан алып тастау үшін дауыс бергендіктен, бұл күнді мемлекеттік мереке ретінде қалдыру дұрыс болмайды. Біз Конституцияның бұл нормаларын орындауымыз керек. Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдаған жоба жалпыхалықтық референдумда қабылданған. Сондықтан бәрі логикаға сыйымды", – деді ол.
Оқи отырыңыз:
- "Тұңғыш президент күні мемлекеттік мереке болмайды". Депутаттар заң жобасын мақұлдады
- 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке. Мәжіліс ұсынысты қолдап дауыс берді