Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін журналистерге сұхбат беру кезінде қазақстандықтарға 10 сотық жер беру туралы пікір айтты. Оның сөзінше, бұл үшін үлестірілетін жерлерде коммуникация желілері тартылған болуы тиіс.

"Мен жер теліміне өтінім берген жоқпын. Бірақ, оған қазақстандық әрбір азамат құқылы. Елімізде жер баршылық, тек оның тәртібін адамдарға дұрыс түсіндіру керек. Қазақстанның территориясы жеткілікті, 10 сотық телімнен Қазақстан азаматтарына үлестіруге болады. Меніңше, біз осыған бірте-бірте келеміз. Дегенмен бұл жер телімдеріне коммуникацияларды тартылуы керек. Ол жерлерде жол, электр жарығы, су, кәріз жүйесі болуы тиіс", – деді Мәулен Әшімбаев.


Оқи отырыңыз: Тегін 10 сотық жер. Оны алу мүмкін бе?


Сенат төрағасы депутаттардың инженерлік желілерге қатысты мәселелерді жиі көтеретініне тоқталды.

"Жыл сайын коммуникацияны тарту үшін қомақты қаражат бөлінеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жүріп жатыр. Сондықтан Үкімет, жергілікті әкімдіктер кезең-кезеңмен бұл мәселелерді шешіп, біздің азаматтар қажетті жер телімдерін жеке тұрғын үй құрылысына алады деп ойлаймын", – деді Мәулен Әшімбаев.