Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада орналасқан №111 сайлау учаскесіне келіп, мәжіліс және мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауда өз таңдауын жасады.

"Осы сайлауды саяси реформалар аясындағы маңызды кезең деп қабылдау керек. Сайлау жаңарған заңнама негізінде өтіп жатыр. Былтыр жазда референдум болып Конституциямызға үлкен өзгерістер енгізілгені белгілі. Одан кейін біраз заңдар қабылдадық. Осындай жаңарған заңнама негізінде бүгінгі сайлау өтіп жатыр", – деді сенат төрағасы.

Мәулен Әшімбаев сайлаудың жаңашылдықтарының бірі – бір мандатты округтердің енгізілуі екенін атап өтті.

"Өзгерістер қоғам тарапынан жақсы қабылданып жатыр деп айтуға негіз бар. Осы сайлауда үлкен белсенділік көріп жатырмыз. Саяси партиялар сайлауға белсенді қатысып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Бір мандатты округтерден де көптеген азамат өздерін ұсынып, бәсеке болғанын бәріміз көрдік. Мұның бәрі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған саяси реформалардың, саяси жүйемізді өзгертуге бағытталған қадамдардың өте өзекті, уақытылы және халықтың сұрауына толықтай жауап беретінін көрсетеді. Барлық азаматты сайлау учаскелеріне келіп дауыс беруге шақырамын. Елімізде биліктің қайнар көзі – халық. Халықтан ешкім жоғары тұра алмайды. Сол себепті халық өз таңдауын жасауы керек", – деді Мәулен Әшімбаев.

Мәулен Әшімбаев. Фото: Информбюро порталы

Сенат төрағасы әділетті қоғам қоғам қалыптастыру бір күнде бола қоймайтынын айтты.

"Өзгерістердің бәрі бір күнде жүзеге аспайды. Әлеуметтік, экономикалық салада, саяси жүйеде және басқа да салаларда көптеген жұмыс жасалуы керек. Тиісті бағдарламалар бар, үлкен шешімдер болып жатыр, заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатыр. Осы жұмыстардың аясында жаңа форматта, бәсекелі түрде сайлау өтіп жатыр" – деді ол.

Мәулен Әшімбаев сайлауда халықтың дауысы маңызды екенін айтты.

"Парламентке кім сайланатынын халық шешеді. Бүгінгі шешімді халық, біздің сайлаушыларымыз қабылдап жатыр. Билік соған мүмкіндіктер жасап отыр. Бүгінгі сайлауға азаматтар белсенді қатысып, дауыс беріп, өздері қалаған кандидаттардың мәжіліс пен мәслихаттарға келуіне тікелей үлестерін қосуы керек. Барлық шешімді халқымыз қабылдайды", – деді парламент сенатының төрағасы.

Мәулен Әшімбаева журналистердің "парламентке оппозицтя керек пе?" деген сұрағына жауап берді.

"Парламентке оппозиция керек. Оппозиция қашан да керек деп өзім ойлаймын. Оппозиция конструктивті болуы керек. Үкіметке, мемлекеттік органдарға, әкімдерге дұрыс-бұрысын айтып отыру керек. Сол себепті әрі қарай толыққанды жан-жақты дамуымыз үшін бізге саяси оппозиция керек және саяси опозиция конструктивті болуы керек. Осы бағыттарда да тиісті заңдар қабылдадық. Саяси парламенттік оппозиция туралы заңдарға нормалар енгіздік. Тиісті нормалар бар. Олар өздерін оппозиция деп жарияласа оларға мүмкіндіктер беріледі, құқықтары болады. Құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған заңнама бар. Құқықтық жүйе қалыптастырдық. Соны енді жұмыс істеткізуіміз керек. Сол себепті еліміздің әрі қарай дамуы үшін бізге конструктивті оппозицияның керек екені күмән тудырмайды деп ойлаймын. Қазір де бар. Amanat-тан басқа кейбір партиялар өздерін оппозициямыз деп жариялағанын білесіздер. Әрі қарай да бұл үрдіс күшейе беруі керек деп есептеймін", – деп сөзін түйіндеді ол.

Осыған дейін бұл сайлау учаскесінде премьер-министр Әлихан Смайлов пен мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин дауыс берген болатын.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын сайлау қалай өтіп жатыр? Live


Сайлауға жеті партия өз кандидаттарын ұсынды. Олар: "Ақ жол" демократиялық партиясы, Amanat партиясы, "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, "Байтақ" "жасылдар" партиясы, Қазақстан халықтық партиясы, Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы, Respublica партиясы. Сондай-ақ, осы сайлауда өзін-өзі ұсынғандар да мәжіліс депутаты бола алады.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Қазақстанда сайлауда дауыс беруге 12 032 550 азаматтың құқығы бар.