"Сен мендік, мен сендік боламын". Астанада мектеп мұғалімі оқушыларына қырындаған
Ата-аналар сезіктінің бірнеше рет қыздарын сабақтан кейін қалдырғанын да нақтылаған.Астанада мектеп мұғалімі оқушыларына қырындаған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
43 жастағы тарих пәнінің мұғалімі 7 сынып оқушыларына хат жазып, сезімін білдірген. Ал педагогтың жазған хаттарын көрген ата-аналар бірден білім ұясының басшысына арыз түсірген.
Бұл оқиға елордадағы №32 мектеп гимназиясында болған. Сынақ мерзіміне алынған мұғалім WhatsApp желісі арқылы кешкі тоғыздан кейін оқушыларына қырындап хат жазып жүрген.
Тіпті желіде жарияланған аудиохабарламада ер адамның "сен мендік, мен сендік боламын" және "барлық мағынасында" деп айтқаны да анық естіледі.
Ата-аналар сезіктінің бірнеше рет қыздарын сабақтан кейін қалдырғанын да нақтылаған. Сонымен қатар олар күдікке ілінген педагог мас күйінде сабақ өткен деп отыр. Бұл сұмдық жайтты білген директор бірден басы дауға қалған оқытушыны жұмыстан босатқан.
Ал ашулы ата-аналар мұғалімнің жауапқа тартылғанын қалайды. Қалалық білім басқармасының дерегінше, мұғалім мектепте 2 қыркүйектен бастап жұмыс істеген. Полицейлер дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталғанын жеткізді.