Семей орманындағы алапат өрттен қаза тапқан Серікжан Тоқтасынның ата-анасы әлі күнге дейін жәрдемақы алмаған. Шенеуніктер мұны марқұмның кәмелеттік жасқа толмаған баласының жоқ екендігімен байланыстырған. Алайда марқұмның ата-анасы бұл уәжбен келіспейді, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

"Президент келген кезде қаза болған барлық орманшының отбасына көмек көрсетілуі керектігін айтты. Содан бері әлі ешқандай жәрдемақы алмадық. Бір жарым жыл болды", – деді Орман өртінен қайтыс болған жігіттің анасы Дәмелі Байбазарова. 

Қариялардың жалғыз ұлы орманды өрттен қорғаймын деп аттанған 14 адамның бірі. Серікжан Тоқтасын – орманшы. Үйленбеген. Жасы биыл 28-ге толар еді.


Оқи отырыңыз: Қарағанды университеті Семей орманындағы өрттен қаза тапқандардың балаларына 10 грант ұсынды


"Семей орманы" резерваты өкілдерінің мәліметінше, табиғи апаттан көз жұмған алты қызметкердің жанұясы ғана жәрдемақы алыпты. Себебі қаржылай көмектің берілу мәселесін заң аясында тек сот шешеді.

"Бірінші жәрдемақы сот шешімінің аясында ғана тағайындалады, яғни азаматтық кодекстің 140-шы бабының талаптарына сәйкес қаза болған адамның отбасында мүгедек болса, сонымен қатар зейнетке шыққан ата-анасы не болмаса жұмыс істемейтін жасөспірімдер, оқудағы жасөспірімдер және де осы қаза болған адамның асырауында болған адамдар ғана жәрдемақы ала алады", – деді "Семей орманы" МОТР республикалық мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Роллан Тоқтаров.