Семей қаласының тұрғыны 13 жастағы баласының өліміне дәрігерлерді кінәлайды
Сот-медициналық сараптаманың негізі бойынша, баланың қаны көп кеткен.Семей қаласының тұрғыны 13 жастағы баласының өліміне дәрігерлерді кінәлайды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қайғыдан қан жұтқан ана ақ халаттылардың ұлына жасалған ота кезінде ыстығы көтеріліп, қайтыс болды дегеніне сенбейді.
Әлия Әбілдинова 13 жастағы ұлын мұрын ішінде өскен етті алдыру үшін Астанадағы балалар ауруханасының біріне апарған. Ондағы дәрігерлер ота арқылы өсіндіні аламыз деген екен. Бірақ, операция кезінде Әділбек Азаматұлының ыстығы көтеріліп көз жұмған.
Дегенмен, ақ халаттылардың бұл сөзімен марқұмның анасы мүлде келіспейді. Ол баласының өліміне "дәрігерлердің салғырттығы себеп" деп отыр. Өйткені, операция үстелінде жатқан ұлымнан көп мөлшерде қан кеткенін өз көзіммен көрдім дейді.
"Сол жерде бірден сұрақ қойдым, неге соншама көп қан деп. Дәрігерлер маған енді операция болған соң қан ағады деп мені көндірді. Сосын бізде сенімсіздік болды да, сол жерден біз дереу сараптама жасаймыз деп шешім қабылдадық. Сараптама бойынша ұлымның кеңірдектен жарақаты болған. Содан ішіне қан ағып, тұншығыпты. Медициналық сараптамалық нәтижелері мен емхананың берген қағазы бір-біріне мүлдем сәйкес келмеді", – деді марқұмның анасы Әлия Әбділдинова.
Сот-медициналық сараптамасының қорытындысында бала механикалық асфиксиядан қайтыс болды деп көрсетілген. Демек, ота кезінде кеңірдек жарақаттанып, көп мөлшерде қан кеткен. Салдарынан жасөспірімнің тыныс алу жолдары жабылған делінген.
"Сот–медициналық сараптаманың негізі бойынша, баланың қаны көп кеткен. Барлық бронзылары, тыныс алу мүшелері қанға толған. Тіпті баланың асқазанына қан кеткен. Медициналық мекеме мен сараптаманың қорытындысы сәйкес келмейтініне қарамастан, 2024 жылғы 24 қыркүйекте қылмыстық іс тоқтатылған. Біз бұған келіспейміз. Біздің пікірімізше, аталған іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 317 бабының 3 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүруге тиіс", – деді заңгер Әлия Илькенова.
Бүгінде Әділбек Азаматұлының өлімі бойынша елордадағы Алматы аудандық полиция басқармасы қылмыстық істі қайта қозғаған.
"Аталған факті бойынша, Алматы аудандық ішкі істер басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 317-бабының 3-бөлігі, Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы, адам өліміне әкеп соқтыруы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілуге жатпайды", – деді Астана қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің бастығы Элмира Шауленова.