Шавкат Рахмоновтың жұбайы жол апатына қатысты істе күдікті деп танылды. Ол 10 жылға дейін сотталуы мүмкін
Жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонова жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Екі адамның өліміне әкеп соққан жол апаты бойынша ол ресми түрде күдікті деп танылды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Полицияның мәліметінше, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу аяқталып, тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр. Егер күдіктінің кінәсі сотта дәлелденсе, Гүлайым Рахмоноваға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы ықтимал.
Еске салсақ, қайғылы жол апаты былтыр шілде айында Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында болған. Алдын ала деректерге сәйкес, Toyota Land Cruiser көлігін басқарған Гүлайым Рахмонова рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен. Салдарынан көлікте болған екі құрбысы оқиға орнында көз жұмды.
Ал жүргізушінің өзі мен кәмелетке толмаған баласы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Тергеу барысында Гүлайым Рахмонова бастапқыда куәгер ретінде жауап бергенімен, жеті айға жуық жүргізілген тексерулерден кейін оның процессуалдық мәртебесі күдіктіге ауыстырылған.
Істің соңғы шешімі сотта қабылданады.