Сарапшы: Несиелік амнистия жариялау – елдің мәселесін шешпейді
Қазір 70 мыңнан астам қазақстандық несиелік төлемін 90 күннен аса уақытқа кешіктіріп отыр.Сарапшылар халықтың несиелену деңгейін төмендетіп, мерзімі өткен берешектер проблемасын шешу үшін елді жұмыспен қамту қажет екендігін, сол арқылы қарызын төлеуге қауқарсыз азаматтарға мүмкіндік жасалу керектігін айтты, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Халықтың борыш жүктемесі артқан сәтте несиелік амнистия жариялау – мәселені ушықтырмаса, шешпейді. Мысалы, 2019 жылы мыңдаған кісінің кредиті кешірілді. Оларға қайта несие рәсімдеуге шектеу қойылған жоқ.
Бірнеше жыл бұрын 578 мыңға жуық отандасымыздың жалпы сомасы 120 миллиард теңгені құрайтын несиесі кешірілді. Бұл біржолғы науқан қарызын қайтаруға қауқарсыз елді қиын жағдайдан құтқаруға сеп болған еді, бірақ халықтың несиелену деңгейі мұнымен төмендеген жоқ.
Әсіресе, тұтынушылық бағытта кредит рәсімдейтіндердің қатары көбейді. Қазір 70 мыңнан астам қазақстандық төлемін 90 күннен аса уақытқа кешіктіріп отыр. Борыш сомасы – 67,5 миллиард теңге. Бұл санатта борышы кешірілген кісілер де болуы ықтимал, өйткені амнистия жарияланған кезде қайта несие алуға тыйым салынбады.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар eGov арқылы өз атынан несие алуға шектеу қоя алады
Сарапшылар несие рәсімдеген халықтың 80%-ы төлемін уақытылы жасайтынын айтты. Қалғаны өтеуге мүмкіндігі болмағандықтан, кешіктіруге мәжбүр.
"Әрине, мемлекет үнемі елдің қарызын өтеп бере алмайды. Берешегін қайтаруға мүмкіндігі жоқ азаматтарды жұмыспен қамтуға күш салу қажет. Оларға көмектесу керек, өйткені несиені қиналғаннан алады. Бұл экономикалық жағдайы нашар деген сөз. Демек, мұндай кісілерге не жұмыс ұсынып, не банкроттық жариялауға ықпал ету қажет. Амнистияның ел экономикасына да, қаржы ұйымдарына да тамшыдай болсын әсері жоқ. Біржолғы акция мыңдаған елдің мәселесін шешкен, бірақ оны тәжірибеге енгізу, не үздіксіз қолдану – мүлде дұрыс емес. Бастысы, шектеу қою мәселесін қарастыру қажет. Әр тұтынушының проблемасын жеке-жеке қарастыру керек", – деді қаржыгер Расул Рысмамбетов.