Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Сара Назарабева қайтыс болды деген ақпаратты жоққа шығарды. 

Оның айтуынша, Сара Алпысқызы аураханада ем алуда. 

"Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы Сара Алпысқызы аураханада емделіп жатыр. Ол қайтыс болды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді", – деп жазды Айдос Үкібай

Айта кетейік, бүгін бірқатар ақпарат құралдарында Сара Алпысқызының өмірден өткені туралы хабар тарады. 

Сара Назарбаева Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы. Олардың үш қызы бар: Дариға, Динара және Әлия. 

Сара Алпысқызының бастамасымен Қазақстанда жетім балаларды қорғау туралы заң қабылданды. Ол 1992 жылы "Бөбек" қайырымдылық қорының негізін қалаған. 1994 жылы "SOS - Қазақстанның балалар ауылдары" қорының президенті болса, 1999 жылы "Демография" қайырымдылық қорының қамқоршылар кеңесін басқарды. 

Қайырымдылық саласындағы еңбектері үшін Сара Назарбаева түрлі халықаралық наградалармен марапатталған. Олардың қатарында Ихсана Дограмачи атындағы Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық сыйлығы, Unity халықаралық сыйлығы, Құрманжан Датқа атындағы сыйлық және басқалар бар.