Ұлттық экономика министрлігі квазимемлекеттік сектордың бірқатар субъектінің сыртқы қарыз мөлшеріне шектеу қоюды жоспарлап отыр. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған құжат жобасынан белгілі болды. 

Мұндай шектеу бұрыннан бар болатын, алайда 2023 жылғы 31 шілдеде квазимемлекеттік сектордың сыртқы борышының шекті көлемін айқындау қағидаларының күшін жоюына байланысты шектеу өзектілігін жоғалтқан болатын. Сондай-ақ, мұндай шектеу қандай компанияларға қойылғаны құпия болып келген. Бастапқы тізімде "Самұрық-Қазына" қоры, "Бәйтерек", "Зерде", "ҚазАгро" холдингтері болса, 2021 жылы соңғысы тізімнен алынып тасталды. 2022 жылы тізім құпияланып, ашық дереккөздерден тасаланса, биыл бұл құжат тіпті де өз күшін жойды


Оқи отырыңыз: Самұрық-Қазына активтерінің құнын 2026 жылға қарай 100 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр


Ұлттық экономика министрлігінің жаңа тізіміне сәйкес, келесі компаниялардың сыртқы борышының мөлшеріне шектеу қойылмақ:

  • "Самұрық-Қазына" ҰӘК" АҚ;
  • "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ;
  • City Transportation Systems ЖШС;
  • "Қазаэронавигация" ШЖҚ РМК;
  • "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ;
  • "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ;
  • "Қазарнаулыэкспорт (Казспецэкспорт)" ШЖҚ РМК;
  • "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ҰК" АҚ
  • "Қазсушар" ШЖҚ РМК.

Құжат жобасын жария талқылау мерзімі – 19 қыркүйекке дейін.