Самарқанд мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті бөлімі ашылды
Сондай-ақ, университетте Абай атындағы Ғылым және мәдениет орталығы жұмысын бастайды.Өзбекстанда Шараф Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университетінде Абай атындағы Ғылым және мәдениет орталығы мен қазақ тілі мен әдебиеті бөлімі ашылды, деп хабарлады UzA агенттігі.
Осыған орай өткен іс-шараға Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұлов, екі елдің жоғары білім саласының өкілдері, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеті мен Самарқанд мемлекеттік университетінің басшылары қатысты.
Шарада белгілі болғандай, бүгінгі таңда Өзбекстанда 400 мектепте қазақ тілі оқытылады, қазақ тілінде білім беретін 162 мектеп бар. Қазақ тілінде жоғары білім және кәсіптік-техникалық білім алу үшін Ташкент мемлекеттік педагогикалық университеті, Қарақалпақстан Республикасы университеті, Гүлістан мемлекеттік университеті, сондай-ақ Нөкіс, Жызақ және Науаи мемлекеттік педагогикалық институттарында қазақ тілі мен әдебиеті факультеттері және кафедралары бар.
Оқи отырыңыз:
- Түркістан-Самарқан бағытында әуе рейсі ашылды
- Өзбекстан Қазақстанмен екі арадағы кеден бекетін кеңейтуді жоспарлап отыр
"Өзбекстан мен Қазақстан жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Елдеріміз арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуға, тілдерді меңгеруге және тіл мамандарының біліктілігін арттыруға әрекет етіп келеміз. Самарқанд мемлекеттік университетінде ашылып жатқан бұл орталық та жастарымызға қазақ тілін үйретуге қызмет етеді", – деді Өзбекстан Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігінің Самарқанд облысы бойынша басқармасының бастығы Азизбек Насимов.
Іс-шараға қатысушылар жұмысын бастаған Абай атындағы Ғылым және мәдениет орталығы мен қазақ тілі мен әдебиеті бөлімімен танысты.