ŞAM театры Almaty Theatre сахнасында ирандық режиссер әрі драматург Асгар Фархадидің Оскар жүлдесін иеленген "A Separation" ("Надер мен Симиннің ажырасуы") атты фильмнің сценариі негізінде "Екеуміз жайлы" спектаклін сахналады.

Театр небәрі үш жыл ішінде қазақстандық жаңа сахнаның ең көзге түскен ұжымдарының біріне айналды. 2022 жылы актерлер Еркебұлан Дайыров пен Асан Мажит негізін қалаған өзекті, әлеуметтік тақырыптарды көтеретін тәуелсіз алаң ретінде құрылған.

Бүгінде ŞAM қойылымдарын Қазақстанның әр өңірінде ұсынып, 100 мыңнан астам көрермен жинады. Сонымен қатар, театр алғашқылардың бірі болып спектакльді кино форматына бейімдеп, "№37" қойылымы негізінде түсірілген фильмді көрерменге ұсынды.

Театрдың көркемдік жетекшісі – режиссер Фархад Молдагали. Оның жұмыстары терең психологиясымен және әлеуметтік өткірлігімен ерекшеленеді.

"Асгар Фархади ең алдымен пьеса жазған. Содан соң кино түсірген. Мен сомдайтын кейіпкердің атын қазақшалап Хасен деп атадық. "№37" спектаклі көрерменге түсінуге қиындау, жасырын драматургияға толы болса, ал "Екеуміз жайлы" спектаклінде барлығы ашық көрсетілген. Тұрмыстыстық өмір туралы болса да, айтары бар дүние. Өмірде жолы болмаған адам көп қой. Хасенді сөйте тұра намысын жоғалтпаған ер азамат деп білемін", – деді Еркебұлан Дайыров.

Қойылым режиссері ŞAM театрының Қазақстанда бұрын-соңды қойылмаған жаңа дүниелерді ғана сахналайтынын, алдағы мамыр айында көрерменді жаңа премьерамен қуантатынын айтты.

"Кез келген спектакль – тың, Қазақстанда қойылмаған. Театрымыз сонысымен ерекше. Назардың рөліне Асан Мажит екеуміз бірге дайындалып, рөлді бірге жасап шықтық. Аз уақыт ішінде режиссер Фархад Молдағалидің, әріптестеріміздің көмегімен және Асан екеуміздің пайымдауымызбен осындай рөл дүниеге келді", – деді Мақсат Сабитов.

Жаңа қойылым ерлі-зайыптылар арасындағы күрделі таңдауды көрсетеді. Олар бір шаңырақ астында өмір сүргенімен, бір-бірін түсінуден алыстап кеткен. Сара қызының болашағы үшін елден кеткісі келеді. Назар болса ауыр хәлдегі әкесін тастап кете алмайды. Ажырасу ісі сотта қаралып жатқан кезде, олардың үйінде күтуші әйел пайда болады.

Кездейсоқ жанжал оқиғаның бағытын түбегейлі өзгертеді. Іс сотқа жетеді. Куәгерлердің сөздері көбейіп, бір-біріне қайшы келеді. Әркім өз шындығын қорғайды. Ал уақыт өткен сайын шындық пен жалғанның аражігін ажырату қиындай түседі.

Әлемді мойындатқан, "Оскар" жүлдесіне ие болған оқиға енді театр сахнасында жаңа тыныс алады. "Екеуміз жайлы" – ажырасу туралы ғана емес, адамның шектік сәттегі табиғатын зерттейтін терең қойылым. Бұл – көрерменді ойға қалдыратын, нақты жауап бермейтін, бірақ маңызды сұрақтарды алға тартатын спектакль.

Рөлдерде:

  • Назар – Асан Мажит, Мақсат Сабитов;
  • Сара – Самал Еслямова;
  • Хасен – Дархан Сүлейменов, Еркебұлан Дайыров;
  • Разия – Зарина Кармен;
  • Тергеуші – Асан Мажит, Мақсат Сабитов;
  • Сот – Еркебұлан Дайыров, Дархан Сүлейменов;
  • Әке – Сағызбай Қарабалин;
  • Азиза – Тынышкүл Сұлтанбердиева;
  • Хадиша – Лиза Серікова;
  • Тұмар – Фатима Абетей;
  • Айша – Адэль Амангелді.