"Сағатына 2 мың жолаушыға дейін артады": Шымкент әуежайында жаңа терминалдың құрылысы қалай жүріп жатыр
Әуежайдың жолаушы өткізу қабілеті 2 мың адамға артады. Құрылыс жұмыстарына 120-150 адам тартылған. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов жауаптылармен бірге құрылыс барысын пысықтады. Қазіргі таңда терминалдың шатыры толық жабылып, қасбеттік жүйелері монтаждалып, желдеткіш жүйелері орнатылып жатыр.
Сонымен қатар жүк жүйесінің құрылғылары мен жеделсатылар, эскалаторлар орнатылып, инженерлік желілер құрылып жатыр. Жалпы жоба қазір 85 пайызға орындалды.
Әкімдік тарапынан инвесторды қолдау мақсатында әуежай алдындағы алаңдағы автотұрақты абаттандыру, жаңа терминалға апаратын кірме жол және жолаушылар терминалына инженерлік желілерді салу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда әуежайдың "жолаушы өткізу қабілеті" сағатына 200 адам болса, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін сағатына 2 мың адамға артады.
Жаңа терминалдың жалпы ауданы 35 мың шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар жобада озық талаптарға сәйкес 4 галерея қарастырылған. Өндірістік кестеге сәйкес жаңа терминал биыл қолданысқа беріледі. Мұрат Дүйсенбекұлы туындаған өзекті мәселелер бойынша дер кезінде хабарлап, шешімін бірлесе қарастыруды тапсырды. Жұмыстарды өндірістік кестеге сай атқарып, перронның құрылысын тез арада бастау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.