"Росатом" мемлекеттік корпорациясы мен Вьетнам республикасы 2030 жылға дейінгі ведомствоаралық Жол картасына қол қойды, деп хабарлады "Росатом – Орталық Азия" баспасөз агенттігі. 

Құжатқа "Росатом" мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев пен Вьетнамның ғылым және технологиялар министрі Нгуен Мань Хунг қол қойды.

Жол картасы Ядролық ғылым және технологиялар орталығын салу, Далаттағы зерттеу реакторына отын жеткізу, Вьетнам тарапының "МБИР реактор базасындағы халықаралық зерттеу орталығы" Консорциумына қатысуы және Вьетнамның атом саласы үшін кадр даярлау мәселелерін қамтиды. 

"Көптеген жылдар бойы біздің ынтымақтастығымыздың флагманы ғылыми-зерттеу саласындағы жұмыс болып саналады. Кеңес мамандары 1980 жылдары американдықтар салған зерттеу реакторын қайта іске қосты, ал қазір вьетнамдық мамандар бізге жаңа зерттеу реакторына тапсырыс берді. Біз қазірдің өзінде елдің оңтүстігінде, Хошимин маңындағы Донгай провинциясындағы алаңға шықтық. Жақында қуатты, заманауи, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең жақсы зерттеу реакторы болады деп ойлаймын", – деді Алексей Лихачев. 

Оның айтуынша, бұл сапар ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне – ірі атом электр станциясын құру жобасына көшуді белгіледі. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанға атом станциясын салудан қауіп бар ма? Маңызды 15 сұраққа жауап


"Біз "бестселлер" – ВВЭР-1200 реакторын ұсынамыз. Әрине, техникалық келбетін нақтылау және қаржылық қолдау бойынша келіссөздер жүргізу керек. Бүгін бұл келіссөздер басталды. Біз үшін, әрине, Оңтүстік-Шығыс Азияда флагмандық энергетикалық реакторды салу үлкен мәртебе және жауапкершілік болады. Алайда біз үлкен істің тек басында ғана тұрмыз", – деді қол қойылған келісімге түсініктеме берген ол. 

Еске салайық, 2024 жылдың соңында Қазақстан үкіметінің басшысы Олжас Бектенов "Росатом" корпорациясының бас директоры Алексей Лихачевпен кездесті. Кездесуде атом энергетикасы, кванттық технологиялар, цифрландыру, сондай-ақ құзыреттер мен технологиялар алмасу, кадрлық әлеуетті дамыту салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Кездесуге қатысушылар аталған салалардағы заманауи технологияларға қатысты өзекті мәселелерді қарастырды. Сондай-ақ салаларды одан әрі дамытуға бағытталған түрлі елдер сарапшылары арасындағы өзара іс-қимылы мәселелері атап өтілді.