Режиссер Мәдениет министрлігі жанынан қазақ тілінің әуезі мен тазалығын қадағалайтын кеңес құруды ұсынды
Асылбек Ихсан кино саласында стилист редакторлар санын көбейту мәселесін көтерді.Актер, режиссер Асылбек Ихсан Мәдениет және спорт министрлігі жанынан тіл саясатымен бірге қазақ тілінің әуезі мен тазалығын назарда ұстайтын кеңес құруды ұсынды. Мұнымен қатар, ол дубляж саласында стилист редакторлардың жетіпсейтінін атап өтті.
"Телеарналарда хабар жүргізетін тележүргізушілердің аузынан шыққан ақпаратты бірден түсінбей қаласың. Қазақша сөйлеп тұрғанмен, ана тіліміздің әуен, әуезін ала алмайды. Осыдан келіп қоңыр үн бұзылады. Мұны әдейі бұзбайтыны сөзсіз. Кейде Ақанмен, Мұқиттың әндерін рэп мақамына салып айтып жатқандай қабылдаймыз. Үн – әр адамның жан сарайының елшісі, болмыс-табиғатының камертоны. Кезінде қазақ даласын аралаған шетелдік ғалымдар "ән салып тұрғандай көрінеді" деп бекер айтпаған. Біз төкпе күй сияқты төгіп те, қаздай күмбірлеп шертпе күй сияқты, сыбызғыдай сызылып та, қобызша күңіреніп те сөйлей аламыз", – деді режиссер.
Мұнымен қатар, Асылбек Ихсан Шәкен Айманов атындағы киностудияда көптеген редактордың қысқарып кеткенін айтып, осы мәселені қайта қарау керектігіне тоқталды. Сондай-ақ, министрлік жанынан кеңес құруды ұсынды.
Оқи отырыңыз: Әлемде қанша адам қазақ тілінде сөйлейді? Ethnologue мәліметі
"Мәтіннің тазалығымен қатар әуезділігін де сақтайтын кинодубляжда міндетті түрде стилист редакторлар болуы керек. Өйткені көк жәшік әрқайсымыздың үйімізде тұр. Жаңа өсіп келе жатқан балаларымыз соларды тыңдайтындықтан, дикторлар мен журналистердің мойнында үлкен ауыр жүк бар. Мұнымен қатар, тіл саясатымен бірге қазақ тілінің кәусар тазалығы мен әуезділігін назарда ұстайтын ҚР мәдениет және спорт министрлігі жанынан көркемдік кеңес құруды ұсынамын. Ол тіл саласындағы мықты мамандардан құралуы тиіс", – деді Асылбек Ихсан.