Республика күніндегі ерекше жарыс: Алматыда 700-дан астам адам биікке өрледі
25 қазан – Республика күні Алматыдағы "Сұңқар" халықаралық шаңғы трамплинінде әлемдегі экстремалды жарыстардың бірі – жоғары қарай 400 метрлік жүгіру жарысы өтті.
Бұл жарыстың ерекшелігі – қатысушылар жазық жерде емес, 35 градустық трамплин бойымен биікке қарай жүгіріп жарысады. Ерекше сайысқа Қазақстаннан бөлек, Түркия, Үндістан, АҚШ, Өзбекстан, Қырғызстан, Канада, Ұлыбритания және Ресейдің де экстремал спортшылары қатысты. Олардың орташа жасы 33-те болса, ең жасы 16-да, ал ең егдесі 79 жаста болды.
Red Bull 400 Алматы аталған жарыста 16 жастан асқан ерлер мен әйелдер, сондай-ақ командалар да бақ сынады. Қашықтық бар болғаны 400 метр болғанымен, финалға қатысушылар арасында тек 100 ер мен 70 әйел ғана жете алды.
Жеңімпаздардың бәрі медальге, сондай-ақ NFT марапаттарға ие болды.