Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлады Ақорда сайты

Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және ғылым қайраткерлері, өндіріс, бизнес салаларының көрнекті өкілдері, депутаттар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар және еңбек ардагерлері бар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімі: Фото: Ақорда баспасөз қызметі

 

"Қазақстанның Еңбек Ері" атағы:

  • Асқар Жұмаділдаев, Президент жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті;
  • Гүлжанар Нұрпейісова, Алматы қаласы №4 арнайы мектеп-интернатының мұғалімі;
  • Эльмара Траисова, Орал қаласы А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі; 
  • Георгий Прокоп, Қарағанды облысы "Шахтерское" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры.

Оқи отырыңыз: Қазақстан тарихында тұңғыш рет екі мұғалім Қазақстанның Еңбек Ері атағын иеленді


"Отан" ордені:

  • С.Жошыбаев, Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының директоры;
  • Нұрлан Оразалин, көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. 

І дәрежелі "Барыс" ордені;

  • А.Рау, Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары;  
  • Н.Өнербай, Р.Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртісі ,
  • еңбек ардагерлері Қ.Жақыпов, Ө.Озғанбаев, В.Редкокашин және С.Шәкірат,
  • В.Локшин, Алматы қаласы "Persona" халықаралық клиникалық репродуктология орталығының басшысы;

ІІ дәрежелі "Барыс" ордені:

  • Н.Онжанов,Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі;
  • Ж.Шәріпов, еңбек ардагері.

ІІІ дәрежелі "Барыс" ордені:

  • Тамара Дүйсенова, Премьер-Министрдің орынбасары;
  • Бибісара Асаубаева, шахматтан әлем чемпионы; 
  • Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі; 
  • С.Сейдәзімов, Тараз қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы.

"Парасат" ордені:

  • Зәуреш Аманжолова, Алматы қаласы "Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы" акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы;
  • О.Байділда, Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы "Арғымақ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры;
  • Б.Есенәлиев, "Қазақстан авторлар қоғамы" республикалық қоғамдық бірлестігінің бас директоры;
  • Х.Қалиламбекова, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры;
  • К.Кемалов, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актері;
  • К.Матыжанов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас директоры;
  • Д.Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі;
  • Ж.Сүлейменов, "Мағжан" әдеби-көркем журналының бас редакторы;
  • Ғ.Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі;
  • Д.Темірсұлтанова, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актрисасы. 

Ұлтаралық бейбітшіліктің дамуына сіңірген елеулі еңбегі үшін "Ел бірлігі" орденімен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі С.Героев, күрдтердің "Барбанг" қауымдастығының төрағасы А.Алиев, "Мицва" қауымдастығының төрағасы А.Барон және "Динар-Электромаш" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тең құрылтайшысы С.Вишняк марапатталды.

Еліміздің дамып, өркендеуіне елеулі еңбегі сіңген бір топ азамат, соның ішінде Алматы қаласындағы "Балдәурен" балаларды оңалту орталығы" КМК директоры Ш.Абесов, "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Р.Бектұров, Астана қалалық Жас көрермендер театрының актрисасы Самал Еслямова, скрипкашы Ж.Серкебаева, Қосшы қаласындағы мектеп-гимназияның директоры Д.Асқарова "Құрмет" орденімен марапатталды.

Бұдан бөлек, өнеркәсіп, транспорт, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да өндіріс салаларының жұмысшылары мен еңбеккерлері ІІ және ІІІ дәрежелі "Еңбек даңқы" орденін иеленді. "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы ғылым және мәдениеттің көрнекті өкілдеріне табысталды.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, ақын-жазушылар Т.Медетбек, В.Михайлов және И.Сапарбай "Қазақстанның халық жазушысы" атағына ие болды. "Қазақстанның халық әртісі" құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері: театр және кино актерлері К.Жұмабековке, Лидия Кәденге, О.Коржеваға, И.Лебсакқа, Р.Махпироваға, Г.Шынтемірге және Ә.Ыдырышевқа, опера әншілері М.Мұхамедқызы мен Ж.Баспақоваға, дирижер А.Мұхитдинов пен күйші С.Тұрысбекке, сондай-ақ белгілі әнші М.Ілиясоваға берілді.

Сонымен қатар биылдан бастап құрметті атақтар қатарына "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" атағы қосылды. "Ұлттық ғылыми медициналық орталығы" акционерлік қоғамының бас директоры А.Байгенжин, "Ұлттық ғылыми онкология орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі гематология орталығының басшысы В.Кемайкин және Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының дәрігері Б.Цхай жаңа құрметті атақтың алғашқы иегерлері атанды.

Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І және ІІ дәрежелі "Даңқ" орденімен, ІІ және ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен, "Ерлігі үшін" және "Жауынгерлік ерлігі үшін" медальдарымен марапатталды. Атап айтқанда, суға батып бара жатқан адамды құтқарғаны үшін Р.Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен Ұлттық ұланның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының аға жауынгері Ж.Пермабек, "Ерлігі үшін" медалімен Павлодар облысы полициясының учаскелік аға инспекторы Е.Қойкен, Ақтөбе қаласының полиция инспекторы Ф.Нұрманов, Талдықорған қаласының полиция инспекторы С.Серікқалиұлы, жасөспірімді өрттен құтқарғаны үшін Атырау қаласы полициясының учаскелік инспекторы Д.Қорғанбаев наградталды.

Жалпы биылғы мемлекеттік наградаларды тағайындауда қарапайым жұмысшылардың мәртебесін асыруға, еңбек әулеттерінің қоғамдағы абырой-беделін арттыруға айрықша мән берілді. Марапат иелерінің қатарында 450-ден астам жұмысшы, 137 педагог, 80-нен аса ғалым, 100-ге жуық құтқарушы мен ерікті бар.

Еңбек династияларын марапаттау дәстүрі биыл да жалғасын тапты. Бұл жолы мұғалімдер, өндірісшілер, теміржолшылар әулеттері құрметке бөленді.