"Рейдерлік әрекет деп бағалаймыз". Астанадағы тұрғын үй құрылысы неге тоқтап тұр
Құрылыс компаниясы мемлекет басшысынан араша сұрады.Елордадағы Кенесары мен Шевченко көшелерінің қиылысында үштен бірі (35 пайыз) салынған тұрғын үйдің құрылысы әлі тоқтап тұр. Құрылыс жұмыстарынан шеттетілген "Ер-Тау" ЖШС компаниясы өзіне тиесілі жер мен ғимараттан заңсыз айырылдық деп, ел президентінен бұл істің әділ шешуін талап етті, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Компания өкілдерінің түсіндіруінше, Астанадағы көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы 2018 жылы басталған. Қазірге дейін жоспарлы жұмыстың 35 пайызы аяқталса, бұл қаражатпен есептегенде 3,9 миллиард теңгеге бағаланады.
Алайда құрылыс басталғаннан кейін-ақ оған инвестиция салуға ниет танытқан "Нұрлы Жол-К-2008" ЖШС компаниясымен алдын ала бір айға келісімшарт жасалады. Бұл шартта құрылысты жүргізуге не оған қатысты ешқандай да құқық қарастырылмағанына қарамастан, инвестор болуға ниет танытқан компания тұрғын үй кешенінің пәтерлерін саудаға шығарған.
Заңгер Еркінбек Мыңжановтың түсіндіруінше, бұл әрекет заңсыз әрі жасырын жасалғандықтан, ол тек 2021 жылдың ақпанында ғана әшкере болған.
"Біз дереу дабыл қағып, 25 ақпанда құзырлы органдарға арыз түсірдік. Алайда, арызымыз 2023 жылдың мамырына дейін қаралмады. Істі бұлай созу пәтерлердің барынша көбірек сатылып кетуі үшін жасалды, сәйкесінше, бұған рейдерлік әрекет деп баға беріп отырмыз. Өйткені, келісімшартта "Нұрлы Жол-К-2008" компаниясына пәтерді сатуға рұқсат беретін ешқандай бап жоқ. Біздің арызымыз бойынша бұл компанияның үстінен алаяқтық бабы бойынша іс қозғалды, алайда құқық қорғау органдары материалдық залал жоқ деген желеумен қылмыстық істі тоқтатып тастады", – дейді Еркінбек Мыңжанов.
Оқи отырыңыз: Астанада мердігер тұрғын үй компаниясының пәтерлерін үлескерлерге заңсыз сатып жіберген
Компания басшысы Мұрат Тасовтың айтуынша, қазір заңсыз сатылған пәтерлердің үлескерлері алдында "Нұрлы жол" компаниясы жасаған алаяқтық әрекетке еш қатысы болмаса да, "Ер-Тау" ЖШС борышты болып отыр. Оны қостаған компания адвокаты Мұхтар Есжанов "Ер-Тау" ЖШС-не қазір үлескерлердің ақшасына үй тұрғызды деп жала жабылып отырғанын айтады.
"Бұл жала қисынға келмейді. Өйткені, біз құрылысты өзіміз жүргізгенімізді дәлелдейтін құжаттарды түгел өткіздік. Алайда, құжаттар белгісіз себеппен іс материалынан алынып тасталды", – дейді ол.
Компания, тіпті, тәуелсіз сараптама да жүргізіпті. Оның қорытындысы құрылыс жұмыстарына "Нұрлы Жол-К-2008" ЖШС мүлде қаражат бөлмегенін анықтап берген.
Ал сот процесі созылып жатқанда көппәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Оның қашан жалғасып, пайдалануға берілетіні белгісіз.