Қызылша дерті Қазақстанның барлық аймағында тіркелді. Ауруды ең көп жұқтырғандар Шымкент пен Алматыда анықталды. Осы орайда ҚР премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен жиында еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал талқыланды.

Ағымдағы жағдай туралы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары – ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова баяндады. Оның мәлімдеуінше, бүгінде А гепатиті мен қызылша ауруының көбеюі алаңдаушылық туғызып отыр. Тиісті вакцина салдырмай дертке душар болғандар қатары көп. Мәселен, қызылша елдің барлық аймақтарында тіркелген. Ауруды ең көп жұқтырғандар Шымкент пен Алматыда анықталды. Айжан Есмағамбетова жергілікті атқарушы органдар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қызылшаға қарсы қосымша жаппай екпе салу науқанына дайындық шараларын қолға алғаны жөн екенін айтты.

Вице-премьер Тамара Дүйсенова бұған дерттің қауіптілігі туралы халықтың ақпараттандырылмауы себеп болуы мүмкін екенін атап өтті.

"Азаматтардың екпеден бас тартуы, жүргізілген насихат жұмыстарының нашар екенін аңғартады. Адам өзіне өзі жау емес. Қауіптің барын білсе, өзін қорғау шараларын қолданады. Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі кере", – деп тапсырды Тамара Дүйсенова.


Оқи отырыңыз: Жыл басынан бері қызылша жұқтырғандар саны 11 мыңнан асты


Сондай-ақ жиында елдегі денсаулық сақтау мекемелерінде болған тексеру жұмыстарының нәтижелері туралы да айтылды. Бірқатар нысандарда ауруханаішілік инфекциялардың алдын алуға қатысты жекелеген талаптардың сақталмағаны анықталған. Біразында зарарсыздандыру режимі сақталмаған, кейбірінде қарапайым жеке қорғаныш заттарының жетіспеушілігі анықталды.

"Денсаулық сақтау мекемелері уақтылы қаржыландырылып келеді. Олай болса, мысалы жеке қорғаныш құралдары жетіспеушілігі неден туындады? Мақсатымыз жазалау емес, осы мәселелерді шешу жолдарын қарастыру. Дегенмен шара қолдануға өздеріңіз итермелейсіздер", – деп атап өтті премьер-министр орынбасары.

Тамара Дүйсенова мәселе шешілмеген жағдайда кейбір денсаулық сақтау нысандарының қызметін уақытша тоқтата тұру мәселесін қарастыру керек екенін ескертті.