Мемлекет басшысының қолдауымен Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 мегаваттты құрайтын жаңа жылу-электр орталығы салынды. Ауқымды жобаны түркиялық "AKSA Energy" компаниясы жүзеге асырып, оған жалпы көлемі 215 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Жаңа орталықты газбен қамтамасыз ету үшін бюджет есебінен 15 млрд теңгеге ұзындығы 45 шақырым болатын газ құбыры тартылды. Облыс әкімінің айтуынша, бұл жоба – Тәуелсіздік жылдарында инвестор қаржысы есебінен жүзеге асқан ірі стратегиялық нысандардың бірі.

"Жаңа жылу-электр орталығы 240 мегаватт электр қуатын және 277 гигакалория жылу энергиясын өндіруге қауқарлы. Бұл өңірдің электр энергиясына деген сұранысын толық қамтамасыз етіп қана қоймай, артық көлемін басқа аймақтарға сатуға мүмкіндік береді", – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Еске сала кетсек, жылу-электр орталығының жобалау құжаттары 2023 жылы әзірленіп, құрылысы 2024 жылы басталған. Инвестициялық шартқа сәйкес нысан 2026 жылдың тамыз айында іске қосылуы тиіс болған. Алайда Мемлекет басшысының тікелей бақылауында болуына байланысты станция жоспарланған мерзімнен бұрын пайдалануға берілді.


Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында жұмыссыздық көрсеткіші 4,6 пайызға дейін азайды


Қазіргі таңда қуаттылығы 176 мегаватт электр энергиясын өндіретін газ турбинасы іске қосылды. Ал келесі жылдың басында бу турбинасы пайдалануға беріліп, қосымша 95 мегаватт электр энергиясы өндірілмек.

Соңғы жылдары өңірде электр энергиясымен тұрақты қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл мақсатта 24 млрд 200 млн теңгеге 71 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде тозған электр желілерінің үлесі 60,8 пайызға төмендеді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Катар еліне жасаған сапары барысында қол жеткізілген келісімдер аясында қуаттылығы 1100 мегаватт болатын бу-газ қондырғысын салу жобасының әзірлеу жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта 250 гектар жер телімі бөлініп, жобаның техника-экономикалық негіздемесі дайындалуда.

Аталған жоба аясында "Қызылорда-Жезқазған" және "Қызылорда–Шымкент" бағыттарында жоғары қуатты 500 кВ электр желілерін салу, сондай-ақ ұзындығы 1,5 мың шақырымды құрайтын "Бейнеу–Шымкент" магистральды газ құбырының екінші желісін жүргізу жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны 3 трлн теңгені құрайды, оның ішінде 1,7 трлн теңгеге бағаланған 846 шақырым газ құбыры Қызылорда облысының аумағынан өтеді.

Аталған жобалар өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттырып, экономикалық дамуына серпін бермек.