Қызылордада қала күні гала-концертпен қорытындыланды
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала тұрғындарын қос мерекемен құттықтады.
"Қазір Қызылорда құрылыс жұмыстары қайнаған қалаға айналды. Мерейтой аясында аймағымыздың бас шаһарында тұрғындардың көз қуанышына айналып үлгерген бірнеше ірі жоба жүзеге асты. Қаламызға сәулетімен ерекшеленген әсем ғимараттар, көз тартар көркем аллеялар тарту етілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл маусымда Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда "Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Жұрттың бәрі өз үйінің жайлы әрі әдемі болғанын қалайды. Бұл – дұрыс. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға да дәл сондай жанашыр көзбен қарауға тиіс. Қазақстан – бәрімізге ортақ, оның қандай болатыны тек бізге байланысты, яғни, біз іші де, сырты да бүтін ел болуымыз керек" деген еді. Қала – өз үйіміз. Оған қамқорлықпен қарап, жанашырлық таныту – әрбіріміздің азаматтық борышымыз", – деді аймақ басшысы.
Салтанатты іс-шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қаржы саласының ардагері Қалқазбек Әжібеков Қызылорда облысының Құрметті азаматы атанып, бірқатар азамат ҚР Премьер-министрінің алғыс хатымен және Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Эстрада жұлдыздары Еркеш Хасен, Еңлік, Садраддин, Ақбота-Нұр және жергілікті өнерпаздар өнер көрсетіп, мерейлі мерекеге арнайы жазылған композитор Рамазан Таймановтың "Қазақтың Қызылордасы" әні орындалды.
Айта кетейік, Қала күніне арналған түрлі іс-шаралар бір ай бойы ұйымдастырылды, әлеуметтік нысандар іске қосылды. Қос мерекемен қатар келген «Алтын дән-2023» салтанатты іс-шарасында еңбек озаттары марапатталып, ветеринария саласының қызметкерлеріне қызметтік көлік табысталды.
Жақында қала келбетіне көрік қосқан "Отбасы орталығы", "Анаға тағзым" орталығы пайдалануға берілді. Биыл облыс орталығында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 36,4 млрд теңгені құрайтын нысан 2025 жылы аяқталады. Сонымен қатар, облыстың медициналық ұйымдарын сапалы қан компоненттерімен қамтамасыз ету мақсатында Қан орталығы салынуда. Орталық келесі жылы пайдалануға берілмек. Облыста "Жайлы мектеп" жобасы аясында 21 мектептің құрылысы басталуда. Оның 8-і Қызылорда қаласында бой көтереді.
"Білімді қолдау қоры" есебінен құны 7,9 млрд теңгені құрайтын дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы мектеп-интернат құрылысы басталды. Биыл қалада 9 мектеп пайдалануға берілді.
Құны 3,7 млрд теңге болатын "Өнер орталығы" көрерменге есігін айқара ашатын күн алыс емес.
Шаһардағы қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешу мақсатында биыл 1,6 млрд теңге бөлінді. Өткен аптада 50 автобус жеткізілсе, қалғаны жыл соңына дейін қызметін бастайды.
Бүгінде аймағымызда демеушілікпен 37 млрд. теңгенің жобалары жүзеге асуда. Оның басым бөлігі Қызылорда қаласында.
Маусым айынан бері облыс орталығында 28 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері заманауи панельдермен қапталып, 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылуда.