Қызылордада облыс әкімінің жүлдесі үшін тұңғыш ұйымдастырылған айтыс олимпиадасы өтті
Сыр бойылық айтыс тарихында Манап Көкенов бастаған ақтаңгерлер айтыс өнерінің алғашқы түндігін түріп, айтыстың мәртебесін биіктеткен болса, бұл көшті тәуелсіздік жылдарында қанат қаққан талантты айтыскер ақындар жаңғырта білді. Атап айтар болсақ, жерлесіміз Мұхтар Ниязовтың "Алтын домбыра" сыйлығын үш мәрте жеңіп алуы Сыр еліндегі айтыстың бүгінгі деңгейін танытады.
Жүйріктеріміздің жолының үзілмеуі үшін балғын бұлақ көздерін ашу мақсатында ұйымдастырылған бүгінгі додаға ақ домбырасын қолға алып келіп отырған жас таланттар тамаша өнер көрсете білді.
Жас ақындардың суырыпсалма өнеріне айтыскер ақын, республикалық ақындар айтысының жүлдегері Ершат Қайболдин, айтыскер ақын, республикалық ақындар айтысының жеңімпазы, Қорқыт ата атындағы университетінің оқытушысы Айнагүл Әбуова және Айтыскер ақын, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Қызылорда филиалы бойынша төрағасы Нұрмат Мансұров қазылық етті.
Сайыс нәтижесі бойынша тарихымыздың тамырын тереңге бойлатып, еліміздің руханиятын жаңа белеске жетелейтін қатарластарының арасынан оза шапқан Биқожа Нұржігіт пен Жаппасбай Сымбат жүлделі ІІІ орынды өзара бөлісті. ІІ орын сырдариялық Мансұров Нұрахмет пен шиелілік Ержігіт Ділназға берілсе, І орынды қызылордалық Бектаев Ұлықбек еншіледі.
Ал тұңғыш рет облыс әкімінің жүлдесі үшін ұйымдастырылған "Айтыс олимпиадасының" бас жүлдесін жаңақорғандық тамаша талант Абдуллаев Мұхамедали иеленді.