Әбден тозығы жеткен мекемені әкімдік үйсіз жүрген мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы және жалғызбасты жандарға уақытша беріпті, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюроақпараттық бағдарламасы.

Тар бөлмелерде адамның өмір сүруіне мүлдем жағдай жасалмаған. Тіпті, өткен айда нысанның электр тоғы тұйықталып, 21 жастағы мүгедек қыз қайтыс болған.

Көпбалалы ана Ұлболсын Мырзабектің әкімдік уақытша берген мекемеде тұрып жатқанына бір жылдан асқан. Ол қуықтай ғана бір бөлмеде күн кешу нағыз азап екенін айтты. Жылу толық келмейтін ескі ғимараттың ішкі қабырғалары көгеріп кеткен. Электр сымдарынан жиі ақау шығады.

"Бір бөлмеде жатамыз. Тамақ дұрыс істей алмаймыз. Газдың иісі шығады. Баллоннан қорқамыз. Әкімдікке бірнше рет барып, уақытша баспананы басқа жерден берулерін сұрадым. Ұнамаса – пәтер жалдап тұра беруіме болатынын айтты. Амалым жоқ болып отырмын", – деді көп балалы ана Ұлболсын Мырзабек.


Оқи отырыңыз: "Баратын жеріміз жоқ". Павлодарда апатты үй тұрғындары үйінді астында қалудан қорқып отыр


Екі қабатты ескі ғимаратта бұрын сот медициналық сараптамасының қызметкерлері отырған. 70-ші жылдары іргетасы қаланған мекеме тұруға мүлдем жарамсыз. Шенеуніктер тұрғындарға қолдан келгенше қолайлы жағдай жасап жатқанын айтты.

"Қазір қала әкімдігі тарапынан ақау актісі жасалып, қажетті материалдарды алу жұмыстары жүргізілуде. Осы жақын күндері кәріз жүйесін жөндеу жұмыстары жүргізіледі", – деді Қызылорда қалалық тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы Абзал Рысбек.