ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына орай, "Қызылорда – Жезқазған" автожолының құрылысы неліктен уақытында жүзеге аспағанын түсіндірді

Бұл маңызды жол учаскесін қайта құру үшін 2022-2023 жылдары екі мәрте байқау өткізілген. Алайда, мердігерлер ұсынған баға белгіленген бюджеттен жоғары (38 %-дан 105%-ға дейін) болуына байланысты ешбірімен келісімшарт жасалмаған. 

Қазіргі таңда жобаның сметалық құны қайта есептеліп, техникалық-экономикалық негіздеме түзетіліп жатыр. Үкімет басшысының айтуынша, бұл жұмыстар биылғы мамыр айының соңына дейін аяқталуы тиіс. 

"Мердігер ұйымдармен келісімшарттар жасасу және құрылыс жұмыстарын бастау 2024 жылғы 3 тоқсанға жоспарланып отыр. Сонымен қатар Азия даму банкімен келісім бойынша мердігерлерді анықтау рәсімдерін жеделдету үшін жоба 8 лотқа бөлінді (бастапқыда жоба 4 ірі лотқа бөлінген). Бұл әлеуетті өнім берушілерге қойылатын біліктілік талаптарын конкурсқа қатысу үшін тұлғалар шеңберін кеңейтуге мүмкіндік берді. Мәселен, бүгінгі таңда 14 тендерлік ұсыныс алынып, оларды бағалау жүргізілді", – делінген Олжас Бектеновтың жауабында. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда жаңа 4 жолдың құрылысы басталады. Жалпы ұзындығы – 607 шақырым