Қызылорда қаласының халқы жаз басталмай жатып ауыз су азабын тартып жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Өйткені бес бірдей шағын аудан тұрғындары он күннен бері тіршілік нәрі тоқтап тұр дейді. Су тек түнгі мезгілде ғана бір сәт беріледі екен. Соның кесірінен күні бойы не ішерге су таппай, не кір-қоңымызды жуа алмай қалдық деп ашулы көпшілік. Ал жауапты мамандар тапшылықты қала халқының көбеюімен байланыстырды. 

Сабалақ саяжайына жақында көшіп келген Нұргүл Нұрғали көрген күніміз осы дейді. Келіншек түн ортасына дейін көз ілмей құбырға су келгенін күтіп отырады. Өйткені бір сәт берілген тіршілік нәріне бос ыдыстарды түгел толтырып алу керек дейді. Одан қалып қойса отбасы күні бойы сусыз отырады. Қалада ауыз су үшін түн ұйқысын төрт бөліп жүрген тек саяжайлықтар ғана емес. "Шанхай" шағын ауданының тұрғындары да мамыр айы басталғалы тіршілік нәрінен тарығып отыр. 

Кейінгі күндері өңірде сынап бағанасы 40 градусқа дейін көтерілді. Ал аптап ыстықта аңқасы кепкен қараша әкімдікке қаншама рет арыздандық дейді. Алайда еш нәтиже жоқ деп қынжылады. Ал жауапты мекеменің өкілдері тіршілік нәрінің тапшылығы қала аумағының кеңеюімен түсіндіреді. Сол себепті жаңа ұңғымалар қазып, су қоймаларын салуға қалалық әкімшілікке ұсыныс берілген екен. 

Мамандар күн жылыса басталатын тапшылықтың кесірінен қала жұртына Сырдария өзенінің сапасыз суын жіберуге мәжбүр болғандарын жасырмады. Бірақ әкімдіктегілер барлық мәселені шешуге тырысып жатыр дейді. Ал шенеуніктердің өздері атқарылған жұмыстары бойынша арнамызға сұхбат бермеді.