Қызылорда облысында Жастар күніне орай "Жастармен бірге" онкүндігі өтті
Арнайы ұйымдастырылған мерекелік шарада облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қоғамның қозғаушы күші – жастарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Оның айтуынша, қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін аймақта алғаш рет "Сыр жастары" өңірлік тұрғын үй бағдарламасы" қабылданды. Нәтижесінде жыл басында 60 жас отбасы қоныс тойын тойласа, жақын күндері 40 жас отбасыға пәтер кілттері табысталмақ.
Биылғы жылы білімді жастарымызды қолдау мақсатында дәстүрге айналған аймаққа қажетті мамандықтар бойынша облыс әкімінің 100 гранты тағайындалды.
"Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, оларға кәсіппен шұғылдануға қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында қаржылық қолдау бағдарламасы арқылы несие портфелі 3,7 млрд теңге болатын жас кәсіпкерлердің 130 жобасы субсидияланды. 2,1 млрд теңгеге жас кәсіпкерлердің 115 жобасы бойынша кепілдік шарты жасалса, "Аграрлық несие корпорациясы" арқылы жас кәсіпкерлердің 48 жобасы қаржыландырылды", – деді Шахмардан Байманов.
Өңірде 100 мың жасты жұмыспен қамту тапсырмасына сәйкес биыл 6 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылады. Бүгінде облыс көлемінде NEET санатындағы жастардың үлесін төмендетуге барынша күш-жігер жұмсалуда. Осы мақсатта арнайы Жол картасы қабылданады.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және мәдени-рухани дамуына барлық жағдай жасалуда.
Соңғы екі жылдың өзінде көптеген әлеуметтік нысандар бой көтерді. Талантты жастарымызды қолдау мақсатында мың орындық "Өнер орталығы" салынса, қала және аудандарда 171 мәдениет үйі жанында "Адал адам" мәдени-рухани орталықтары өз жұмыстарын бастап кетті.
Осы игі бастамалардың жалғасы ретінде биылғы жылы 7 ауданда "Руханият" орталықтары, музыкалық колледж, инновациялық шығармашылық орталығы, "Оқушылар сарайының" құрылысы жүруде.
Жас отбасыларға отбасы құндылығын насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, "отбасы", "шаңырақ" ұғымының қадір-қасиетін түсіндіру мақсатында "Отбасы орталығы" және балауса бойжеткен қыз баладан ардақты асыл әжеге дейін бас қосатын тал бесік – тәрбие мектебіне айналған "Анаға тағзым орталығы" өз қызметін жүзеге асыруда.
"Байрақты бәсекелерде көк тумызды желбіретер болашақ чемпион жастарымыз үшін заманауи 10 мың орындық стадион, үстел теннисі орталығының құрылысы басталса, алдағы уақытта көп функционалды "Қызылорда арена" кешенін салу жоспарлануда. Жалпы былтырдың өзінде 9 спорт кешені қолданысқа беріліп, биыл 15 кешеннің құрылыс жұмыстары жүргізілмек. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында өңірімізде 21 мектеп салынады. Осының барлығы – жастарымыздың игіліктері үшін!", – деді облыс әкімінің орынбасары.
Қорытынды шарада 20 жас марапатталды. Оларға ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің "Құрмет грамотасы", "Алғыс хаты" және облыс әкімінің "Алғыс хаттары" табысталды. Марапатталғандар құрамында механизатор, кәсіпкер, ерікті, оқытушы, журналист, гидрометаллург, спортшы, өнерпаз, IT саласының мамандары секілді жастар бар.
Бұдан бөлек "Тәуелсіздік ұрпақтары" облыстық байқауының жеңімпаздарына 250 мың теңгенің сертификаты табысталды. Аталған марапат иелерінің барлығы түрлі бағыт бойынша жаңа кәсіп бастаған жастар.
Биыл Халықаралық жастар күні "Жастармен бірге" ұлттық онкүндік ретінде қала, аудандарда атап өтілді.
Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, онкүндік аясында аймақта "Мүмкіндіктер алаңы" шарасы, "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы, спорттық шаралар, "Дені сау жас – ел болашағы" атты медициналық кеңес беру, "Адал азамат" бейресми кездесулері, "Игі істер марафоны" қайырымдылық акциясы, "Түнгі кітапхана", Ziyatker quest интеллектуалды сайысы, "Донор бол" акциясы, "Аспан синема" шарасы өткізілді.
Жалпы осы бағытта облыс бойынша 385 шара ұйымдастырылса, онда 50 мыңға жуық жастар қамтылған.