Қызылорда облысында тұрғын үйлер газ желісіне қосылғаннан кейін өрт саны азайды
Қызылорда облысында 2024 жылдың басынан бері 174 өрт тіркелді.Былтырдан бері Қызылорда облысында болған өрттер саны 23 пайызға азайған. 2023 жылы жарты жылда 227 өрт тіркелген болатын. Бұл туралы облыстың төтенше жағдайлар департаменті "Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстарының қызметі" РММ қызмет бастығының орынбасары Бауыржан Оспанов айтты.
"Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан өрт жағдайын азайту бойынша тапсырма берілді. Соған сәйкес үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өрт көп жағдайда далада от жағу маусымы басталған кезде көбейеді. Сонымен қатар тұрғындар көктемде жеке тұрғын үй, оның ішінде саяжай аумағын тазалайды. Сол тұрғындармен өрттің алдын алу жұмыстары жүргізілді. Жеке құрам қыстан кейін ауладағы қоқысты қай кезде өртеуге болатыны жөнінде ақпараттандыру жұмыстарын, үгіт-насихат жүргізеді. Бұл жұмыс тұрақты әрі міндетті түрде жүргізіледі. Соның арқасында өрт саны азайып отыр", – деді Бауыржан Оспанов.
Маманның айтуынша, Қызылорда облысында қыс мезгілінде де өрт салыстырмалы түрде азайған. Оған тұрғын үйлердің бір бөлігінің газға қосылғаны әсер еткен.
"Пештің алдына қаңылтыр қағылуы керек. Ол шоқ түскен кезде өртке ұласып кетпеуі үшін қойылады. Пештің жанына жуылған киімді жайып қоймаған жөн. Бұрын мұндай жағдай көп кездесетін. Қазір газға қосылғандардың қатары көбейген сайын бұл қажет болмай қалды", – дейді маман.
Қызылорда облысында өрт сөндіруге жауапты мамандар үшін 703 штат бар. Оның ішіне өрт сөндіруші, арнайы көлік жүргізушісі, хабарламаны қабылдайтын мамандар мен бөлім бастығы және орынбасары да кіреді.
"Өрт сөндіретін маман саны – 565 адам. Бұл облыс үшін жеткілікті. Кейін халық көбейіп, облыс тұрғындарының саны артатын болса, соған сәйкес штат та көбейеді", – дейді Бауыржан Оспанов.
Маманнан бір шақыртуға өрт сөндірушілердің қанша уақытта баратынын да білдік. Айтуынша, министрлік бекіткен құжат бар. Соған сәйкес, қала ішіндегі шақыртуға 10 минут ішінде баруы қажет.
"Алдымен өрт шыққаны туралы хабар түседі. Ол хабарлама өңделеді. Қай жер, неше қабатты үй, ішінде адам бар ма, жоқ па – нақтыланады. Оған 2 минут кетеді. Өрт сөндірушілер жауынгерлік киімін киюге бір минут уақыт қажет. Ең көп дегенде жеке құрам оқиға орнына бір жарым минутта шығады. Ал ауылдық елді мекендерге 20 минут ішінде жетуі қажет. Өрт Қызылорданың шет жағында шықса, бағдаршам да кедергі келтіреді. Арнайы көлік үшін белгіленген жылдамдық бар, одан асырмайды", – дейді маман.
Айтуынша, халықтан өрт орнына жетуге қатысты арыз-шағым түспеген. Ал жағдайды реттеу үшін тұрғындар арасында "Жол бер" акциясы өткізіліп жатыр.
"Акцияның мақсаты – қаладағы көліктерді өрт сөндіру көлігіне кедергі келтірмеуге бағыттау. Жұмысты жергілікті полиция департаментімен бірлесіп атқарып жатырмыз. Қазір болған жағдайдың барлығы әлеуметтік желіде жарияланатыны белгілі. Департаменттің ресми парақшалары да бар. Акция туралы да ресми парақшада айтылып жүр", – дейді ол.
Алматы қаласында мотоцикл мінген өрт сөндірушілер жұмыс істейді. Олар көлік кептелісінде тұрмай, оқиға орнына жылдам бару үшін қосылған. Қазір ел бойынша мұндай көліктер тек осы қалада бар. Бауыржан Оспанов Қызылорда облысына әзірге мұндай көліктің қажет емес екенін айтады.
Ал өрт сөндірушілердің жалақысына келсек, өңірде кейінгі жылдары жалақы мөлшері 70 пайызға көтерілген.
"Біздің жалақымыз кейінгі 1-2 жыл көлемінде 70 пайызға өсті. Орташа есеппен жаңадан келген маманның өзі 270 мың теңге жалақы алады. Жалақы жұмыс өтіліне қарай жыл сайын өседі", – деді Бауыржан Оспанов.