Қызылорда облысында мұқтаждарға арналған тұрғын үй қалай ауыл әкімінің туыстарына үлестірілді?
Ақжарма ауылында салынған 4 үйдің бірі әкімнің қайын ағасына бұйырған.Қызылорда облысының Ақжарма ауылы тұрғындары мемлекеттік бағдарламамен берілетін баспаналарды ауыл әкімі өзінің жақындарына бөліп берді деп ашулы. Тұрғындардың айтуынша, көпбалалы аналарға арналған үйлердің кілті шенеуніктің қайын жұрты мен інісіне табысталған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ауыл тұрғыны, 8 баланың анасы Гүлзат Шәмшат қабырғалары сөгіліп, терезелерінен жел соғатын тозығы жеткен үйде тұрады. Алайда мемлекеттік бағдарлама арқылы үйлі болуға үмітті болған ол тізімге ілінбеген.
"Әкімге барсам, "атыңда үй бар" дейді. 5 жылға дейін үй болмау керек екен. Дегенмен, ауылда салынған үш үйдің біреуі бұйырар деп ойладым. Бірақ, әкімдік маған бермеді. Әкім өзінің туыстарына берді", – дейді көп балалы ана.
Мемлекеттік бағдарламамен салынған үш үйдің екеуінің кілті ауыл әкімінің қайын ағасы мен інісіне табысталғандықтан, тұрғындар бұған күмәнмен қарап отыр. Алайда ауыл әкімінің айтуынша, бастапқыда баспаналардың қандай санат бойынша кезекте тұрған жандарға үлестірілетіні туралы белгісіз болған. Сондықтан тұрғын үйлердің көпбалалы аналарға арналып салынғанын ауылдықтарға дер кезінде айта алмапты.
Оқи отырыңыз:
- Үй кезегіне eGov арқылы қалай тіркелуге болады?
- 5 пайыздық жаңа ипотека: тұрғын үй бағасы тағы қымбаттай ма?
- Тұрғын үй субсидиясына кімдер ие болады?
"Ел болған соң бәрі ағайын-туыс қой. Бәрі туысқаным емес. Аса бір жақындарым жоқ. Тек бір үй иесі әйелімнің туған ағасы. Жасыратыны жоқ, қайын ағам", – дейді Ақжарма ауылдық округінің әкімі Ерлан Ешмұратов.
Әкімнің айтуынша, көпбалалы аналардың санаты бойынша ауылда тек 4 адам кезекте болған. Олардың бірі өз еркімен бас тартқан. Тізімде әкімнің қайын ағасының отбасы да болған.