Қытайда Қазақстанның мәдени орталығын ашу жұмыстары басталды
Қазақстанда қазіргі таңда 7600 мәдениет ұйымы жұмыс істеп тұр, оларда 58 мыңнан астам маман қызмет етеді. Бұл ұйымдардың ішінде 3890 кітапхана, 57 театр, 231 мұрағат, 275 музей, 2994 мәдени-демалыс орталығы, 113 кинотеатр, 36 концерттік ұйым және 4 цирк бар. Осы мәдени мекемелер елдің мәдени өмірінде маңызды рөл атқарып, халықтың рухани дамуы мен мәдени байлығын арттыруға үлес қосады.
"Қазақстанда мәдениет саласында ұлттық руханият пен мәдени-тарихи мұраны халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Маңызды бастамалардың бірі – Qazaq Culture атты ақпараттық платформаның іске қосылуы. Бұл платформа әлем жұртшылығына халқымыздың бай әрі қайталанбас мәдениетін таныстырады. Ол БҰҰ-ның алты ресми тілімен қатар, қазақ және түрік тілдерінде де қолжетімді. 2024 жылы тоғыз республикалық ұйымға "Ұлттық" мәртебе беріліп, олардың қызметкерлерінің жалақысы 1,75 есеге артты", – деді министр.
Қазақстан халықаралық мәдени алаңдарда өз орнын нығайту мақсатында беделді көрмелер мен жобаларға белсенді қатысуды жалғастырып келеді. Мәдениет және спорт министрі Аида Балаеваның айтуынша, еліміз алғаш рет Венециялық биенналенің 60-шы мерейтойына қатысып, қазақстандық павильон ашты. Онда отандық суретшілердің шығармалары әлемдік өнер сүйер қауымның назарына ұсынылды.
Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Қытай арасында жаяу туристік жол ашылады
Сонымен қатар, Францияның Париж қаласындағы Гиме музейінде өткен "Қазақстан: Ұлы даланың жауһарлары" атты ауқымды көрме қазақ мәдениетінің бай мұрасын таныстырды. Қытайдың Тяньцзинь қаласында ұйымдастырылған "Алтын адам және Ұлы дала" көрмесі де көрермендердің үлкен қызығушылығын тудырды. Бұған қоса, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде әйгілі итальяндық суретші Леонардо да Винчидің "Әсем ханшайым" картинасы көрмеге қойылып, өнер сүйер қауымның назарына ұсынылды. Бұл шаралар еліміздің халықаралық мәдени аренасында танылуына және оның өнер саласындағы мәртебесінің артуына мүмкіндік бермек.
Халықаралық мәдени байланыстарды нығайту бағытында 2024 жылы Тәжікстан мен Түрікменстанда Қазақстан мәдениетінің күндері өтті. Сонымен қатар, елімізде Түрікменстан, Әзербайжан, Армения және Саха Республикасы мәдениет күндері ұйымдастырылды. Ашхабадта Құрманғазы мен Абайға, Душанбе мен Қазанда Абайға ескерткіштер орнатылды.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында және Димаш Құдайбергеннің екі күндік концертімен қоса, 16 ірі концерт өткізілді.
"Жас таланттар да еліміздің беделін көтеруге өз үлесін қосуда: 255 қазақстандық өнерпаз 17 елде өткен халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанды. Жамбыл атындағы филармония жанынан "Қазақконцерт" базасында Классикалық гитаристер квинтеті мен "Бірлік" ансамблі құрылды. ҚХР және Қазақстан президенттері ШЫҰ саммитінде мәдени орталықтар ашу туралы ұсыныс білдіріп, үкіметаралық келісімге қол қойды. Қытайда Қазақстан мәдени орталығын ашу жұмысы басталды. 2025 жыл – идеологиялық және тарихи тұрғыдан маңызы зор жыл. Жеңістің 80 жылдығына арналған 2000-нан астам іс-шара жоспарланған. Сонымен қатар, "Батырларға тағзым" онлайн платформасы әзірленді. Онда марапаттау парақтары, сарбаздардың хаттары мен естеліктері жинақталған. 6 кітап пен фотоальбом жарық көріп, "Алия" көркем фильмі, 80 бейнеролик, 17 деректі фильм мен сериал түсірілді", – деп атап өтті Аида Балаева.
Оқи отырыңыз: Алматыдан Қытайдың Құлжа қаласына тікелей әуе рейсі іске қосылды