Қытайдың Ухань қаласында автомобилистер бейбіт шеруге шығып Aito M7 көлігінің жаңа үлгісі тез жаңарып кеткеніне қарсы наразылығын білдірді. Автоконцерн M7 жол талғамайтын гибридті көлігінің жаңа үлгісін 2023 жылғы күзде шығарса, биылғы 1 маусымда оның рейстайлинг нұсқасын шығарып үлгерген. Ал күзгі көліктің жеткізу процесі бірнеше айға созылғанын ескерсек, көлік иелері оны бір-екі ай ғана мініп үлгеріп, рестайлинг нұсқасының шығуына байланысты, олардың көлігі "ескіріп қалған" . 

Kolesa.kz жазуынша, шеруге шыққан қытайлықтар саны аз болғанымен, бүкіл ел бойынша наразылардың көп болуы әбден ықтимал. Өйткені, 2024 жылдың бірінші тоқсанының өзінде аталған көліктің 70 мың данасы сатылып үлгерген. Ал сатылған көліктің жалпы саны 180 мыңға жуықтайды. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда Қытай автокөліктері көбейді. Олардың орташа бағасы қандай?


Жалпы, Қытайда автокөлік өндірісінің тым тез дамуы бұған дейін де бірнеше наразылыққа себеп болған еді. Елде көлік маркаларының саны жылдам көбейіп, олардың жаңа нұсқаларының шығуы да тез. Өндіріс компаниялары ескі нұсқаларын өндірістен алып тастайтынын ескерсек, бұл қосалқы бөлшектер табуда қиындық келтіретіні сөзсіз. 

Соңғы екі жылда Қазақстанда да қытайлық көліктер саны жоғары қарқынмен артып келеді. Отандық автосарапшылар алдағы уақытта бұл көліктерге қосалқы бөлшек табу бойынша қиындықтар туатынын болжап отыр.