Қытайда әдепке қайшы видео түсіріп жариялаған қазақстандық блогер кешірім сұрады
Қытайда әдепке қайшы видеороликтер түсіріп, оны әлеуметтік желіге жариялау арқылы Қытай халқының да, Қазақстан жұртшылығының да ашуын туғызған блогер Аружан Айбековамен Алматы полициясы профилактикалық әңгіме өткізді. Бұл туралы Алматы полициясының Instagram желісінде жазылды.
"Полиция қызметкерлері Қытайдан жақында оралған азаматпен профилактикалық және түсіндіру әңгімесін өткізді. Бұған оның қатысуымен әлеуметтік желілерде кеңінен таралған бейнероликтер себеп болды. Интернетте таралған бейнелердің бірінде ол серігінің қалтасынан ұялы телефонды алып, оны өтіп бара жатқан Қытай азаматтарына береді. Содан кейін телефонды ұрлап кеткенін айтып, сол адамға нұсқайды. Әңгіме барысында қыз болған жағдайға өкінетінін білдірді", – делінген полиция хабарламасында.
Блогер Аружан Айбекованың өзі де ел халқынан кешірім сұраған видеосын жариялады.
"Менің видеом ешкімді ренжіту мақсатында түсірілмеген. Бұл ойланбай жарияланған материал болды. Видеом біреуге жағымсыз әсер етсе, кешірім сұраймын. Енді контентті жариялау мәселесіне мұқият қараймын", – деді блогер.
@ia_arujan ♬ оригинальный звук - IA_ARUZHAN
Полиция осы орайда барша қазақстандықтарға әлеуметтік желілерде материал жариялау кезінде ел азаматтарына да, басқа ел тұрғындарына да құрметпен қарау маңызды екенін ескертті.
"Мұндай әрекеттер арандатушылық ретінде қабылданып, қоғамда теріс реакция туғызуы мүмкін. Сондай-ақ, шетелде жүрген әрбір азамат жергілікті дәстүрлерді, қоғамдық тәртіп ережелері мен сол елде қолданылатын заңдар мен мінез-құлық нормаларын құрметтеуге міндетті екенін есте ұстаған жөн. Бұл нормаларды бұзу қабылдаушы ел тарапынан құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін", – делінген полиция хабарламасында.