Қытай Біріккен ұлттар ұйымын жаңғырту, қорғау әрі нығайту үшін күш біріктіруге шақырды
"Екі сессия" аясында өткен баспасөз мәслихатында Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И жаһандық басқару бастамасы туралы айтып, БҰҰ-ның рөлін күшейтудің маңызын атап өтті.
Министрдің айтуынша, қазіргі әлемде жаһандық сын-қатерлер күшейіп, басқару тапшылығы мәселесі өзекті бола түсті. Сонымен қатар көпжақты ынтымақтастық та күрделі сынақ кезеңін бастан кешіруде. Осы жағдайда Қытай төрағасы Си Цзиньпин ұсынған жаһандық басқару бастамасы уақыт талабына сай ұсыныс болып, 150-ден астам ел мен халықаралық ұйымның қолдауына ие болды.
Ван Идің сөзінше, БҰҰ Бас хатшысы бұл бастаманың негізгі идеялары БҰҰ құндылықтарымен толық сәйкес келетінін атап өткен. Қытайдың бастамасымен Нью-Йорк пен Женевадағы БҰҰ штаб-пәтерлерінде жаһандық басқару бойынша "Достар тобы" құрылып, оған көптеген мемлекеттер, әсіресе Жаһандық Оңтүстік елдері қосылған.
Бастаманың кең қолдау табуы оның негізгі қағидаттарының халықаралық қоғамдастықтың ортақ мүддесіне сәйкес келуімен түсіндіріледі. Олардың қатарында егемендік теңдігі, халықаралық құқықты сақтау, көпжақтылықты дамыту, адамға бағытталған тәсіл және тиімділік қағидаттары бар.
Министрдің айтуынша, бастама арқылы берілген басты сигнал – БҰҰ-ның жетекші рөлін қорғау және оның орталық орнын әлсіретпеу. Ван Идің пікірінше, ұйым мінсіз болмаса да, онсыз әлемдегі жағдай әлдеқайда күрделі болар еді. Ал БҰҰ-ның орнына балама құрылымдар немесе жабық топтар құру әрекеттерінің болашағы жоқ.
Сонымен қатар бастамада БҰҰ-ны қазіргі заман талаптарына сәйкес реформалау қажеттігі де атап өтіледі. Реформа ХХІ ғасырдағы халықаралық жағдай мен күштердің жаңа тепе-теңдігін ескере отырып жүргізілуі тиіс. Бұл Жаһандық Оңтүстік елдерінің халықаралық мәселелердегі дауысын күшейтіп, дамушы мемлекеттердің мүддесін кеңірек ескеруге мүмкіндік береді.
Қытай БҰҰ-ның негізін қалаушы мемлекеттердің бірі әрі оның қызметін қолдайтын елдердің қатарында. Әлемдегі ең ірі дамушы мемлекет ретінде Қытай Жаһандық Оңтүстік елдерінің үміті мен сұранысын жақсы түсінетінін атап өтті.
Ван И сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен БРИКС секілді бірлестіктер БҰҰ Жарғысын басшылыққа ала отырып, жаһандық басқару жүйесін жетілдіру бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.
Қытай халықаралық қоғамдастықты жаһандық басқару бастамасын қолдауға және БҰҰ-ны жаңғырту, қорғау әрі нығайту жолында күш біріктіруге шақырды.